Ауғанстаннан Орталық Азия елдеріне әлі де қауіп бар – Қасым-Жомарт Тоқаев
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Ресей» саммитінде сөйлеген сөзінде жаңа экстремистік сын-қатерлерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мемлекеттеріміз үшін әлі де сын-қатер сақталып отырған Ауғанстандағы жағдайға ерекше назар аудару керек. Бір қарағанда үйреншікті боп көрінген мәселелерден бөлек, экстремистік идеологияның келуі, содырлардың біздің аймаққа деструктивті элементтерді жасырын инфильтрациялауы сияқты жаңа қиындықтар туындап отыр. Сондықтан, біз осындай қатерлерді уақытылы анықтап, алдын алу үшін арнайы қызмет желісі бойынша байланысты жандандыруымыз қажет деп есептеймін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, елордада «Орталық Азия-Ресей» саммиті басталды. Жоғары деңгейдегі кездесуге Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Ресей президенттері қатысуда. Олар алтыжақты форматтағы ынтымақтастықтың келешегін талқылап жатыр.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Орталық Азияның жекелеген елдеріндегі шекара мәселесіне пікір білдірген еді.
Сонымен бірге, Қ. Тоқаев Орталық Азия елдері мен халықтарының негізгі мүдделеріне сүйене отырып, жаңа қауіптердің алдын алу және оларға уақтылы жауап қату үшін пәрменді құралдарды әзірлеу қажеттігін айтты.
Фото: t.me/bort_01