Ауғанстаннан Шымкентке көшіп келген бойжеткен волонтер болып жүр

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Отбасымен Ауғанстаннан көшіп келген бойжеткен Шымкентте волентерлер арасында белсенділік танытып жүр. Шер Мухаммад Халида бүгінде «Ізгілікте жарысайық» қоғамдық қайырымдылық қорының құрамында жүріп, түрлі әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға қатысуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ауғанстаннан Шымкентке көшіп келген бойжеткен волонтер болып жүр

Халида 2000 жылы, Ауғанстан Ислам Республикасының Мазари-Шариф қаласында дүниеге келген. Көпбалалы отбасының сегіз перзенті болса, ол 5-сі. Жанұясы 2004 жылы Қазақстанға қоныс аударған соң, Халида орта мектепті Шымкентте тәмамдаған. Жастайынан белсенді оқушылардың қатарынан көрінген ол түрлі іс-шараларға қатысып, мектепті «Үздік» аттестатпен бітіреді. Сөйтіп Шымкенттегі жоғару оқу орнына грант негізінде оқуға түсіп, студет кезінде көптеген ұйымдардың жұмыстарына атсалысады.

«Студент болып жүріп достарымызбен кездескен кезде таныс құрбым өзінің еріктілер қатарында екенін айтып, жұмыстары жайлы әңімелеп берді. Содан менде де қызығушылық пайда болып, еріктілердің қатарына қосылғым келетінін жеткіздім. «Шексіздік» атты ерікілер ұйымында жүріп, бірқатар қоғамдық жұмыстарға атсалыстық. 2019 жылдан кейін бұл ұйым жабылып, мен кейіннен «ASAA» ұйымына «Жеңіс» жобасының жұмысы бойынша көмек көрсете бастадым. Өзге еріктілерімен бірге мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Мейірімді жан» акциясын өткіздік»,- дейді Шер Мухаммад Халида.

Халида мен өзге жастар акция аясында балаларды оңалту орталықтарына барып, мерекелік шаралар ұйымдастырған. Тағдыр тауқыметін тартып жүрген балаларға қуаныш сыйлап қайтқан. Ал, ағымдағы жылдың ақпан айында Волонтерлар жылы мен фронт-офисінің ашылуына орай ұйымдастырылған форумға Шымкент қаласының еріктілерімен бірге қатысып, UNICEF БӘБҚ «Be Kind» жобасының арнайы курсына қатысқан. Сөйтіп мамыр айынан бастап мектеп оқушылары мен ата-аналарға қажетті семинар-тренингтер өткізген.

«Мейірімді бол» жобасы маған жаңа әлемді ашуға шынымен көмектесті. Балалар әлемі оқушылармен жұмыс жасау және оқу барысында жасөспірімдермен сөйлесу дағдысын меңгердім. Қазір мен олармен сөйлесіп, ешбір қиындықсыз тіл табыса аламын. Бұл тренингтер ата-аналарға да өте пайдалы болды. Барлық ата-аналар біздің тәлімгерлерімізге, көп ақпараттар бергені үшін ЮНИСЕФ-ке алғыстарн білдірді. Ал, елімізде карантиндік шектеулер енгізілген кезде мен «Ізгілікте жарысайық» ҚҚҚ-на төтенше жағдайға орай ашылған «Call центрде» операторлық қызметін атқардым. Карантин уақытында 5000-нан астам мұқтаж отбасыларға азық-түлік үлестіруге атсалысып, Мақтаралында орын алған төтенше жағдайға байланысты адамдарға көмек ретінде киім-кешектер мен азық-түліктер жеткізіп бердік. Осы жылдың тамыз айында «Мектепке жол» акциясы аясында мұқтаж отбасылардың балаларын оқу құралдарымен қамтамасыз еттік» «,- дейді Шер Мухаммад Халида.

Қазіргі таңда «Ізгілікте жарысайық» қоғамдық қайырымдылық қорының баспасөз хатшысы қызметін атқаратын бойжеткен бірқатар әлеуметтік жобалардың жүзеге асырылуы барысында атсалысып жүр. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға тегін ағылшын тілін үйретіп, аз қамтылған отбасылардың балалары үшін спорттық іс-шаралар ұйымдастырып отырады. Жеткіншектердің кітапқа қызығушылығын арттырып, тұрмыс жағдайы төмен аналар мен еріктілерді жаңа дағдыларға үйретеді. Сонымен қатар, «Киім кешек» пен «Ерекше жандарға көмек», «Төтенше жағдай» мен «Қайырымдылық», «Нан тарату» мен «Ұйымдастырушылық эстафета», «Үш жақсылық» пен «Шаңырақ» жобалары да қала тұрғындарының әлеуметтік жағдайларын жақсарту үшін бағытталған.

«Қордың еріктілермен бірге «Эко-Сана» қозғалысына қатысып, жүлделі 1-орынды жеңіп алдық. Бізге 10 велосипед тарту еткен болатын. Өзара ақылдаса отырып, 8 велосипедті мұқтаж отбасыларының балаларына сыйға тарттық. Қалған екеуін еріктілерімізге қалдырдық. Қазіргі таңда, еріктілер мектебінде 130-дан астам жастармен жұмыс жасап келеміз. Алдағы уақытта қоғамның игілігі үшін үлкен маңызы істер атқаратынымызға нық сенімдіміз»,- дейді Шер Мухаммад Халида.