«Ауыл аманаты»: Алматы облысының тұрғындары 8,2 млрд теңгеден астам қаржы игерді

мал шаруашылығы
Фото: Алматы облысының әкімдігі

ҚОНАЕВ. KAZINFORM - Алматы облысында ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында былтыр 8,2 млрд теңге бөлінді. Қазір қаражат толық игерілді. Бағдарлама облыстағы барлық 133 ауылдық округті қамтиды.

Ауыл тұрғындарының табысын арттыру жобасы аясында берілетін шағын несиелер - «Конаев ӘКК» АҚ арқылы жүзеге асады. 2023 жылдың маусымы мен осы жылдың маусым айы аралығында әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына жалпы сомасы 13,4 млрд теңгеге 1692 өтініш түсіп, оның 8 млрд 267,6 млн теңгесі 1090 қарыз алушыға бөлінді.

Ауыл аманаты
Фото: Алматы облысының әкімдігі

Шағын несиелер мына бағыттар бойынша берілді:

– Мал шаруашылығы саласына 894 шағын несие, оның ішінде 36 кооператив;

– Өсімдік шаруашылығына 40 шағын несие, оның ішінде 3 кооператив;

– Ауыл шаруашылығына жатпайтын кәсіпкерлік субъектілеріне 149 шағын несие;

– Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтеріне ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға 7 шағын несие.

Алматы облысында 53 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі тіркелген. Оның 46-на жалпы сомасы 1 миллиард 126,7 миллион теңге қаржы бөлінген. Сонымен қатар, бағдарлама аясында төрт-түлік сатып алынды:

– ет-сүт бағытындағы ірі қара – 9055 бас;

– түйе – 27 бас;

– жылқы – 2337 бас;

– ұсақ мал – 15075 бас.

Ауыл аманаты
Фото: Алматы облысының әкімдігі

Бұдан бөлек өсімдік шаруашылығы саласындағы жобаларға, оның ішінде саңырауқұлақ, құлпынай, көкөніс және қызғалдақ гүлдерін өсіретін жылыжай кешенін іске қосуға да шағын несие берілді.

Биыл оған республикалық бюджеттен 2011 шағын несие беру жоспарымен 14 миллиард 79,2 миллион теңге қарастырылған. Қазіргі уақытта жалпы сомасы 5,9 млрд теңге болатын 629 өтініш түскен.

«Ауыл аманаты» бағдарламасының жүзеге асырылуы ауыл кәсіпкерлерінің дамуына қуатты серпін болды.

«Бағдарлама ауылдың экономикалық дамуына және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етеді», - деп атап өтті Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Исатаев.

мал шаруашылығы
Фото: Алматы облысының әкімдігі

Жобаның жарқын үлгісінің бірі – ұйғыр ауданының тұрғыны Розигүл Садықова мемлекет қолдауының арқасында жеке тігін цехын ашты.

«Көп жыл бұрын мен ісмерлікпен айналысуға бел будым. Коронавирус қыздарымды қашықтан оқуға мәжбүр етті, біз тігін әдістерін бірге үйрендік. «Ауыл аманаты» бағдарламасы туралы біліп, құжаттарымды тапсырып, жылдық 2,5 пайызбен несие алдым. Бұл қаражат жергілікті тұрғындар арасында сұранысқа ие түрлі өнімдерді шығаруға арналған құрал-жабдықтарды алуға көмектесті», – дейді Розигүл Садықова.

Әкімдік «Ауыл аманаты» бағдарламасы жалғасастынын атап өтті. Бұл жоба ауылды көркейтуге, тұрғындардың тұрмысын жақсартуға үлес қосып келеді.

Соңғы жаңалықтар
telegram