«Ауыл аманаты»: Атырауда былтыр 1,5 млрд теңгенің 192 жобасы қаржыландырылған
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысында былтыр «Ауыл аманаты» жобасымен 192 жобаға бөлінген 1,5 млрд теңге игерілген.
Мәселен, Құрманғазы ауданында 36, Индерде — 35, Махамбет ауданынан 30 жоба мақұлданған. Мақат ауданында 8, Исатай ауданында 13 жоба ұсынылған. Атырау қаласында 150,9 млн теңгенің 18 жобасына қаржы берілген.
Атырау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Тілекқабыл Ғұбайдуллиннің айтуынша, әр округте скрининг жүргіздік.
«Былтыр Атырау облысындағы 68 округ туралы ақпаратты Ауыл шаруашылығы министрлігіне жолдадық. Биыл «Ауыл аманаты» жобасымен қаржыландыру 61 округке беріліп отыр. Алайда, Атырау қаласының маңындағы ауылдық аумақтар бұл тізбеге кірмей қалды. Министрлік бұл шешімнің ҚР Әкімшілік аумақтық бөлініс туралы заңы шеңберінде қабылданғанын түсіндірді. Өйткені жоғарыда аталған жоба ауылдық аумақтарға арналған. Қазір 61 округ бойынша 83 жоба анықталды. Бұл жобаларға 760 млн теңгеден астам қаражат бөлінді», - дейді Тілекқабыл Ғұбайдуллин.
Оның мәліметінше, аталған жобаны іске асыру үшін 900 млн теңге сомасына қосымша бюджеттік өтінім берілген.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында 2 мың 216 кәсіпорын жұмыссыздарды квота арқылы жұмысқа қабылдайтынын жазған едік.