«Ауыл аманаты»: Жетісу облысының тұрғындары несиесін ала алмай жүр
ТАЛДЫҚОРҒАН.KAZINFORM- Былтыр Жетісу облысында бір ғана ауыл шаруашылығы бағытында 342 жоба мақұлданған. Алайда ауыл тұрғындары көктемнен бері 2,5 пайызбен берілетін несиелерін ала алмай жүр. Ал жауапты басшылар республикалық бюджеттен қаржының қашан бөлінетінін білмейді.
![«Ауыл аманаты»: Жетісу облысының тұрғындары несиесін ала алмай жүр «Ауыл аманаты»: Жетісу облысының тұрғындары несиесін ала алмай жүр](/static/img/plug.webp)
Бүгін Жетісу облысы әкімдігіне қала маңынан және шалғай елді мекендерден 30-ға жуық азамат келіп, шағымын айтты. Басты мәселелері «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 2,5 пайыздық несиеге өтінім өткізіп, 6-7 айдан бері ақшаларын ала алмай жүр. Жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, шот ашып қойған азаматтар қаржының уақытылы түспей, кәсіптерін бастай алмай отырғанына наразы.
![«Ауыл аманаты»: Жетісу облысының тұрғындары несиесін ала алмай жүр «Ауыл аманаты»: Жетісу облысының тұрғындары несиесін ала алмай жүр](https://img.inform.kz/kazinform-photobank/media/2025-01-08/c5d94f83-5e7b-4993-9e39-8ad173de9b71.jpeg)
- Сүт, ет өнімдерін шығарып, кәсіп жасау үшін 2024 жылы наурызда құжаттарымды жинап, өткіздім. Бәрі дайын тұр. 7-8 ай болды жүргенімізге. ЖК аштым, жеке шот аштым. Сақтандыруға ай сайын ақша төлеп отырмын. Кепілге үйді қою үшін бағалайтындарға ақша жұмсадық. Өзім Ақтөбеде жұмыс істеймін. Содан сұранып келдім. Ақша тисе, алысқа сабылмай, кәсібімді бастайын, халыққа пайдам тисін деп. Әкімнің орынбасарына жолықтық. Күтесіңдер дейді. Ақшаның нақты қашан түсетіні белгісіз, - деді Еркін ауылының тұрғыны Батырхан Қайсар.
Бизнес жоспарларын өткен жылғы көктемдегі бағамен өткізгендер одан бері малдың құны артқанына алаңдап отыр.
![Ауыл аманаты Ауыл аманаты](https://img.inform.kz/kazinform-photobank/media/2025-01-08/1b9a6b25-515f-49ae-a424-5b84d813f7e2.jpeg)
- Осы бағдарламаға өткен жылы көктемнен бері шапқылап, көлікке қона жүріп, құжат жинап өткізгенбіз. Қора-жайды өзіміз дайындадық. Үкімет ірі- қараға 260-270 мың теңгеден берсе, кәсіп бастаймыз дегенбіз. Ол малдардың құны қазір 350 мыңнан асты. Оны қалай есептейді? Ақша қолымызға әлі түскен жоқ. Шаруалардың арасында Үкімет берсе, сол ақшамен жабамын деп қарызданып отырғандар да бар шығар. 6-7 ай болды жүрміз, міне, - деді Талдықорған қаласының тұрғыны Күлбақ Қадылбай.
Облыс орталығынан шалғай жатқан Алакөл, Панфилов аудандары мен Қаратал, Ақсу, Көксу өңірлерінен келген азаматтардың шағымына Ауыл шаруашылық басқармасының өкілдері жауап берді.
- «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша, 2024 жылға 342 өтінім 2,6 млрд теңгеге қабылданған. Бірақ бұл өтінімдерге республикалық бюджеттен қаржы бөлінбеуіне байланысты ақша төленген жоқ. Күтіп отырмыз. 2024 жылғы қабылданған өтінімдер осы жылмен қарастырылады. Бюджеттен ақша қашан бөлінеді, оны нақты айта алмаймыз, - деді Жетісу облысы Ауыл шаруашылық басқармасы агроөнеркәсіп кешендерін несиелеу бөлімінің басшысы Ерсін Тарыбаев.
Ақ қар, көк мұзда ауыл-ауылдан облыс орталығына жиналған азаматтар қаражатымыз тезірек қолымызға тисе, елге де пайдамыз тиер еді, - дейді.
Еске салайық осыған дейін Талдықорғанда DamuBala-ға қатысты дау шыққанын жазғанбыз.