«Ауыл аманаты» жобасы аясында жеңілдетілген кредиттерді беру ІІ-тоқсанда басталады
АСТАНА. KAZINFORM — «Ауыл аманаты» жобасы аясында жеңілдетілген кредиттерді беру ІІ-тоқсанда басталады. Бұл туралы Сенат депутаттарының сауалына Премьер-Министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.

— «Ауыл аманаты» жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2023 жылдан бастап жүзеге асырылуда. 2023-2024 жылдары аралығында жобаны жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 120 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді. 2025 жылға 50 млрд теңге қаржы қарастырылып, қаржыландыру жоспарына сәйкес жеңілдетілген кредиттерді беру осы жылдың екінші тоқсанының аяғына жоспарлануда, — деді Үкімет басшысы жауабында.
Оның атап өтуінше, жоба ауылдық елді мекендер тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған негізгі құралдардың бірі.
— Бұл ретте бүгінде жобаны іске асыру құзіреттілігі Ауыл шаруашылығы министрлігінен Ұлттық экономика министрлігіне берілуіне байланысты жобаны өзектендіру мақсатында жаңа тәсілдерді әзірлеу және ауылдық аумақтарды кешенді дамытуға арналған мемлекеттік қолдау шараларын бірлесіп жүзеге асыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, — деді Олжас Бектенов.
Айта кетейік, Ұлттық экономика министрлігі «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асырудың жаңа моделін әзірлеп жатыр. Бағдарлама ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуды көздейді. Қолдау тетігінің ішінде 2,5%-бен шағын несие мен лизинг бар. Қазір министрлік скрининг арқылы елді мекендердің мамандануын анықтау тәсілін, ережелерді жаңарпақ.