Ауыл баласы, мектебі қандай тәуір, қарашы! — Тұңғыш рет «Ауыл мектебі» фотокөрмесі өтті

көрме
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Елордада «Ауыл мектебі» фотокөрмесі өтті. Мұндай іс-шара елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Kazinform тілшісі мұндай ерекше көрменің айшықтамағы, айтпағы не екенін біліп қайтты.

«ÓzgeEpic» креатив хабында өткен көрме шалғай ауылда орналасқан бір мектептің өмірі мен өзгерістерін сипаттайды. 

көрме
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Көрменің басты идеясы – ауыл мектептеріндегі жаңашыл бастамаларды көрсету. Фотокөрме өңірлердегі білім ошақтарының жаңа технологияларды игеруін, бәсекеге ұмтылысын, жергілікті тұрғындардың болмысы мен күнделікті тіршілігін айшықтайды. 

көрме
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Бұл көрмеге Жамбыл облысы Жуалы ауданы Бауыржан Момышұлы ауылының Әлихан Бөкейханов атындағы №15 тірек мектеп-лицейінде түсірілген фотосуреттер қойылған. Бүгінгі жиынға аталған білім ошағының директоры Руслан Сайлаубаев та қатысты. 

көрме
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

«Біздің мектепте 603 бала екі ауысымда білім алып жатыр. Тірек мектептер желісіне 2023 жылы кірген болатынбыз. Соған байланысты материалдық-техникалық базамыз толықтай жаңарып, оқушыларымыз облыстық және республикалық деңгейдегі робот техникасы, ғылыми жобалар сайыстарында жүлде ала бастады. Материалдық база жақсарған соң, біз түрлі үйірмелер аштық. Айталық, телестудия, робототехникасы, қолөнер шебері, драма өнері, домбыра, шахмат, артстудияға байланысты қылқалам шебері үйірмелері жұмыс істеп тұр. Осындай жұмыстардың арқасында ауылдық жердегі мектептер мен қалалардағы мектептердегі білім сапасы алшақтығы төмендеп келеді. Сол талаптарға сай болғандықтан бүгінгі көрмеге біздің тірек мектеп-лицей таңдалып отыр», - деді мектеп директоры.

Креатив хаб директоры әрі жоба кураторы Тоғжан Құрманжанқызы көрменің негізгі мақсатын айтып берді. 

көрме
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

«Жоба мақсаты – қала мектептері мен ауыл мектептері арасындағы үлкен кедергіні жою. Ауылдарда да қаладағыдай түрлі құрал-жабдықтармен қамтылған заманауи мектептер болатынын, ауылда да ондай мектеп жасақтау мүмкін екенін көрсету. Ауыл баласы, қала баласы деген бөлініс болмауы керек. Бұл - көшпелі көрме. Ендігі кезекте Түркістан қаласында, сосын Алматыда өтеді. Көрменің фотографтары – Әйгерім Бегімбет пен Сәбина Әбдімәлік. Олардың осыған дейін де әлеуметтік-ағартушылық бағыттағы көрмесін ұйымдастырғанбыз», - деді жоба кураторы.

Әуелде «Тіршілік» жобасы арқылы танылған Әйгерім фотограф қана емес, әрі журналист. Фотоаппаратының обьективі суы, жолы, жарығы жоқ шалғай ауылдардағы қоңырқай тіршілікті нысанаға алып тұратын шығармашылық иесі бұл жолы материалдық-техникалық базасы озық мектепті түсіруге неге құлшына кіріскен? Сөйтсек, оның да бір сыры бар екен. 

көрме
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

«Шынымды айтсам, мен өзім де ауылда ескі мектепте білім алдым. Біздің ауылда бірде-бір үйірме болған жоқ. Біз сабақтан кейін тек үй шаруасымен ғана айналыстық. Бізді дамытатын, өсіретін, шығармашылығымызды байытатын еш нәрсе болмады. Бұл жобаға бізді шақырған кезде, әрине, қуандым. Өйткені... Мен бір жылдары Шымкенттегі Назарбаев зияткерлік мектебінде жұмыс істедім. Сонда мектептегі мүмкіндіктерді, балаларға жасалған жағдайды, үйірмелерді, білім сапасын көзіммен көрдім. Содан соң бұндай игіліктер неге бір ғана мектепте болуы керек деген ойға қалдым. Осы көрмеге арқау болған Жуалы ауданындағы мектепке барғанда сол НЗМ-ның ауылдағы үлгісін көргендей болдым. Қараңыз, мектепте телестудия бар. Оқушылар өздері ауылдың жаңалықтарын жазады. Камераға өздері түсіреді, өздері монтаждайды, сосын өздері мектептерінде экраннан көрсетеді. Яғни, осылай ауыл мектептерінде де жағдай жасауға болатынын паш еткім келді, - деді фотожурналист Әйгерім Бегімбет.

Фотокөрме «ÓzgeEpic» креатив хабының бастамасымен және ұйымдастыруымен және Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры (furo.kz) қолдауымен жүзеге асты. 

көрме
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Атап өтерлігі, Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры елімізде ауыл мен қала мектептеріндегі білім сапасы теңсіздігін азайтуға бағытталған жобаларды іске асырады. 

көрме
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Көрме барысында фотосуретшілер шығармашылық ойларын ортаға салып, көрменің бірнеше кейіпкерін таныстырады. 

көрме
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Айта кетейік, «Ауыл мектебі» – шалғайдағы білім беру мекемелерінің зияткерлік әлеуетін көпшілікке танытуға, сондай-ақ ауыл мектептері мен оқушыларының дамуына жаңа серпін беретін бірегей шығармашылық жоба. 

көрме
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform
көрме
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform
көрме
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform
көрме
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform
көрме
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform
көрме
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform
көрме
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform
Соңғы жаңалықтар
telegram