Ауыл халқының орташа жылдық санының тоқырауы байқалады

ауыл
Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Соңғы 10 жылда ауыл халқының орташа жылдық санының тоқырауы байқалады. Бұл туралы Сенат депутатарының сауалына Премьер-Министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.

«Республикада 6 286 ауылдық елді мекен бар. Оонда 7,5 млн адам немесе республика халқының жалпы санының 38 пайызы тұрады. Ауыл халқы демографиясы талдауына сәйкес, соңғы 10 жылда ауыл халқының орташа жылдық санының тоқырауы байқалады. Қала халқының үлесі өскен кезде, ауыл халқының саны табиғи өсім (туу) есебінен бір деңгейде қалуда», - деп атап өтеді Үкімет басшысы.

Премьер-Министр жауабына қосымша берілген анықтамаға сәйкес, 2013 жылы Қазақстан халқының саны – 16,9 млн адам, оның ішінде ауыл халқы – 7,6 млн адам (45 пайыз), 2023 жылы – 19,7 млн адам, оның ішінде ауыл халқы 7,5 млн адам (38 пайыз) болған. 

«Ауылдық аумақтарды дамытудың ағымдағы жай-күйін айқындау және мемлекет тарапынан іске асырылатын шаралардың әсерін бағалау, сондай-ақ оларды одан әрі дамыту жөніндегі тәсілдерді әзірлеу үшін жыл сайын 300-ден астам көрсеткішті (экономикалық және демографиялық көрсеткіштер, әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту көрсеткіштері) қамтитын ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына мониторинг жүргізіледі. Мониторинг нәтижелері бойынша жыл сайын даму әлеуеті бар ауылдардың тізімі және Өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес ауылдық елді мекеннің инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейі айқындалады»,- деді Олжас Бектенов.

Соңғы жаңалықтар