Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Ауыл кәсіпкерлеріне мемлекеттік қолдау шаралары бойынша 2,6 мыңнан аса кеңес берілді

АСТАНА. KAZINFORM — «Даму» қорының мобильді фронт-офистері 2,6 мыңнан астам ауыл кәсіпкеріне консультациялық қолдау көрсетті, деп хабарлайды Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі.

Ауыл кәсіпкерлеріне мемлекеттік қолдау шаралары бойынша 2,6 мыңнан аса кеңес берілді
Фото: ҰЭМ

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Президенттің тапсырмасымен іске қосылған шағын бизнесті қолдаудың «Іскер аймақ» бірыңғай бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан мобильді фронт-офистер жобасын дамытуды жалғастырып жатыр. Мобильді фронт-офистердің жұмысы мемлекеттік қолдау шараларын кәсіпкерлер үшін барынша қолжетімді етіп, шалғайдағы қалалар мен ауылдарда жұмыс істейтін кәсіпкерлерге облыс орталықтарына бармай-ақ, бизнеске арналған қолданыстағы бағдарламалар бойынша кеңес алуға мүмкіндік беріп отыр.

Мобильді фронт-офистер Қазақстанның барлық 17 өңірінде жұмыс істейді (Астана, Алматы және Шымкент қалаларын қоспағанда). Жоба іске қосылғаннан бері (2026 жылғы 17 тамыздағы жағдай бойынша), Қор мамандары 2 439 бірегей кәсіпкерлік субъектісіне 2 657 консультация өткізді. 

«Даму» қорының мобильді фронт-офистері
Фото: ҰЭМ

— Мобильді фронт-офистердің қызметіне ең белсенді жүгінгендердің қатарында — Түркістан облысының кәсіпкерлері. Бұл өңірде 252 консультация өткізілді. Одан кейін Ақтөбе облысы — 222, Солтүстік Қазақстан облысы — 220, Павлодар облысы — 217 және Атырау облысы — 215 консультациядан келеді. Қалған 12 өңірде тағы 1 531 консультация өткізілді. Мобильді фронт-офистің көшпелі тобы 80-ге жуық аудан орталығында болды. Ең көп сұранысқа ие болған консультация бағыттарының қатарында «Бәйтерек» холдингінің Бірыңғай фронт-офисі ұсынатын бағдарламалар мен өнімдер болды — осы бағыт бойынша 721 өтініш түсті. Сондай-ақ кәсіпкерлер «Іскер Аймақ» субсидиялау бағдарламасына — 593 өтініш, Бірінші кепілдік қоры аясындағы кепілдік беру құралдарына — 480 өтініш, «Өрлеу» бағдарламасы бойынша жеңілдікті кредиттеуге — 329 өтініш, сондай-ақ моно- және шағын қалалардағы, ауылдық елді мекендердегі ішкі сауда субъектілерін қолдау шараларына — 177 өтініш білдірді, — делінген министрлік таратқан ақпаратта.

Мобильді фронт-офис — кәсіпкерлерге бизнестің орналасқан жеріне қарамастан мемлекеттік қолдау шараларына тең қолжетімділікті қамтамасыз ететін көшпелі консультациялық орталық. Көшпелі топ құрамына «Даму» қорының мамандары, әкімдіктердің, банктердің, «Атамекен» ҰКП-ның, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның, «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның және консалтингтік компаниялардың өкілдері кіреді. Олар кәсіпкерлерге «Бәйтерек» холдингі тобының бизнеске арналған мемлекеттік қолдаудың барлық бағдарламалары, соның ішінде «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ, «Қазақстанның Даму банкі» АҚ, «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ және «Qazaqstan Investment Corporation» АҚ ұсынатын мүмкіндіктер туралы толық ақпарат береді. Мұндай формат кәсіпкерлерге Холдинг тобының қолданыстағы қаржылық құралдары бойынша бір жерден кешенді кеңес алуға мүмкіндік береді.

«Даму» қорының мобильді фронт-офистері
Фото: ҰЭМ

Бұған дейін мобильді фронт-офистердің негізгі міндеті кәсіпкерлерге консультациялық қолдау көрсету болса, қазір қор жобаларды қаржыландыру туралы шешім қабылданғанға дейін сүйемелдеуге кезең-кезеңімен көшіп жатыр. Әрбір кезеңде мамандар кәсіпкерге ең қолайлы қаржыландыру құралын таңдауға көмектесіп, бағдарламаларға қатысу талаптарын түсіндіреді және жобаны қарау барысында қолдау көрсетеді. Қазіргі таңда қаржыландыруға 4 өтінім қабылданды.

Мобильді фронт-офистер желісін дамыту — бизнеске арналған мемлекеттік қолдау шараларының қолжетімділігін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Осы бағытта Бизнесті қолдау және сүйемелдеу орталықтарын (БҚСО) іске қосу да жоспарланған.

Пилоттық жоба аясында мұндай орталықтар Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстарында жұмыс істейді. Солтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстарының кәсіпкерлері БҚСО қызметтерін стационарлық форматта ғана емес, мобильді фронт-офистердің көшпелі сапарлары кезінде де ала алады.

«Даму» қорының мобильді фронт-офистері
Фото: ҰЭМ

Мобильді фронт-офистердің өзекті жұмыс кестесімен «Даму» қорының ресми сайтындағы «Мобильді фронт-офис» бөлімінен танысуға болады. Егер қажетті аудан немесе елді мекен кестеде көрсетілмесе, кәсіпкерлер Online Damu порталы арқылы көшпелі сапар ұйымдастыруға өтінім қалдыра алады. Барлық өтініш қордың өңірлік филиалдарында қаралып, кейінгі маршруттарды қалыптастыру кезінде ескеріледі.

Қосымша ақпаратты «Даму» қорының 1408 бірыңғай байланыс орталығының нөмірі арқылы алуға болады.