Ауыл мен қала мектебіндегі білім алшақтығы қайтсе жоғалады
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Қазақстанда алғаш рет қолға алынған ауыл мектептерінің әлеуетін дамыту пилоттық жобасы 134 білім ордасын қамтыды. Мұнда оқу кабинеттері жасақталып, интернет жылдамдығы артты, жаңа платформаларға кіруге мүмкіндік жасалды, мұғалімдер біліктілігін арттырды. Kazinform тілшісі жобаның артықшылығы мен кемшін тұсын саралап көрді.

Бәрі «Білім ALL» жобасынан басталды
Ақтөбеде 2022 жылы «Білім ALL» жобасы іске асты. Қала мен ауыл мектебінің оқушылары арасындағы білім алшақтығын азайту мақсатында өңірлік жоба басталып, облыстағы үздік мектептер таңдалды.
Ел аузында жүрген гимназия, лицей мұғалімдері математика, физика, химия, биология, ағылшын тілінен онлайн сабақ берді. Сабақ аптасына екі рет өтті.
Кейін жобаны Оқу-ағарту министрлігі қолдап, концепциясы кеңейді. «Қазақстан халқына» қоры ауыл мектептерінің материалдық-техникалық жағдайын нығайтуға ұсыныс білдірді.

— «Білім ALL» жобасын негізге алып, өткен оқу жылында «Цифрлық технологияларды қолдана отырып Ақтөбе облысының шағын жинақты ауыл мектептерінің әлеуетін дамыту» пилоттық жобасы іске қосылды. Оқу-ағарту министрлігі бізге үш талап қойды. Біріншіден, онлайн сабақ беретін педагогтерді ынталандыру. Мұғалімдердің еңбекақысына қосымша үстемақы төлеу міндеттелді. Бұл жергілікті бюджет есебінен шешілді. Екіншіден, жобаға енгізілген ауыл мектептерін жоғары жылдамдықты интернетпен қамту. Барлығы 46 мектепке Starlink жүйесіне қосылды. Үшіншіден, ауыл мектептерін жөндеуден өткізу. Бұл жобаға 12 тірек мектеп, 134 шағын жинақты мектеп қатысты. «Қазақстан халқына» қоры 5 млрд теңге бөліп, мектептердің материалдық-техникалық базасын жабдықтады. 12 тірек мектеп облыстағы аудан орталықтарында орналасқан. Сол 12 мектептің әрқайсысына 250 млн бөлініп, түгел жабдықталды. Ал 134 шағын жинақты мектептегі бала саны көбіне 2 кабинет, оқушысы азына 1 кабинет жабдықталды, — дейді Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұргүл Бертілеуова.

Ал Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясы әдестемелік жағынан қолдау көрсетті. Нұргүл Бертілеуованың айтуынша, жобаны іске асыруда төрт модель қолданылды.
«Білім ALL» жобасы стренинг моделінің рөлін атқарды. Daryn.online, Bilimland компаниялары цифрлық материалдарын тегін қолдануға рұқсат берді. Ал аудандағы 12 тірек мектеп мұғалімдері өздеріне тіркелген магниттік мектептерге сабақ берді.
Нәтижесінде 5 пән бойынша білім сапасы көрсеткіші 4-11% арасында өсті. Енді республиканың басқа өңіріне де таратылып жатыр. Ал Ақтөбеде бұл жоба әрі қарай жалғасады.
Тірек мектеп санын тағы 12-ге арттыру жоспарланған. Сонда 24 мектеп болады.
— Біріншіден, сабақтың бәрі онлайн болған соң интернетпен қамту қиынға соқты. Себебі сабақтар онлайн өтті. Екіншіден, мұғалімдерге қосымша жүктеме берілді. Ауыл мектептерінің педагогтері Тірек мектептерге барып, әдістемелік нұсқаулық алды. Бәрі жұмыс барысында реттеліп отырды. Өзге облыстардың үйренуі үшін өңірде бірнеше рет семинар өткіздік. Әлі де өтіп жатыр, — дейді Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұргүл Бертілеуова.

Оқу-ағарту министрлігінің жоспары қандай?
Оқу-ағарту министрлігі жобаны масштабтау жұмысын қолға алды. Бұл үш кезең бойынша іске асырылады.
1-кезең: 2024 жылғы қыркүйектен бастап Ақмола, Қостанай, Павлодар, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында жүзеге асырылып жатыр. Оған 10 тірек мектеп пен 30 шағын жинақты мектеп тартылды.
2-кезең: 2025 жылғы қаңтар айынан басталады. 17 өңірдің 192 тірек және 759 шағын жинақты мектептері қамтылады.
3-кезең: 2025 жылғы қыркүйек айынан басталады. Бұл кезеңде масштабтау жұмысы 17 өңірдің 443 тірек және 1 824 шағын жинақты мектебімен толығады.

— Жобаның мақсаты — цифрлық ресурстарды пайдалана отырып, білім беру процесін ұйымдастыру механизмін, педагогтердің кәсіби дамуын және шағын жинақты мектептерді әдістемелік қолдауды апробациядан өткізу. Пилоттық жобаны іске асыру барысында педагогтер өз тәжірибелеріне цифрлық технологияларды қолдануға негізделген оқытудың жаңа форматтарын енгізді. Педагогтер мен білім алушылардың әртүрлі цифрлық платформалар мен білім беру ресурстарын пайдалану дағдылары жақсарды. Тірек және шағын жинақты мектептердің педагогтері арасында тиімді ынтымақтастық орнатылды, — деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
Оқушылар арасында бәсеке артты
Ақтөбе облысы Қобда ауданында бір тірек, үш магниттік мектеп бар. Магниттік мектептер: Талдысай орта мектебі, Ақырап орта мектебі және И.Білтабанов атындағы орта мектебі.
Жобаның нақты қалай іске асқанын Талдысай орта мектебіне барып көрдік. Мұнда 140-тан астам оқушы білім алады. Барлығы 40 педагог бар.
Былтыр бірнеше пәннің мұғалімі біліктілігін жетілдіріп алды. Қазір олар модератор болып жүр. Яғни, өзге мектеп балаларына онлайн сабақ береді. Ал өзге мектептегі әріптесі ассистент қызметін атқарады.

Талап бойынша мектеп мұғалімдері бірігіп, сабақ кестесін құрады. Негізгі пән бойынша бір уақыт таңдалады.
Bilimland платформасы интерактивті тақта арқылы қосылып, модератор сабақ береді. Кейін ассистент тақырыпты пысықтап, түсінбей қалған тұсын қайта айтып, бағалайды.
— Талдысай шағын жинақты мектеп болғанмен де білім сапасы 5% көтерілді, мұғалімдер біліктілігін арттырды. Яғни деңгейі жоғары. Ол мұғалімдер оқушыларын олимпиадаға апарды, түрлі байқауларға қатыстырды. Сөйтіп жоғары деңгейін көрсете білді. Енді сол білімін жетілдірген 5 педагог өзге мектептердің оқушыларына дәріс бере алады. Жыл қорытындысы бойынша шағын жинақты мектептердің ішінде осы білім ордасының директоры Кансұлу Жұбанова «Іскер менеджер» номинациясын иеленді. Ал Талдысай орта мектебі «Жанашыл-инновациялық шағын жинақты мектеп» номинациясын алды. Бұл мектепті Тірек мектепке айналдыру жоспарда бар, — деді Қобда аудандық білім бөлімінің басшысы Талғат Әбен.
Талдысай орта мектебінде интерактивті панель саны артты. Әр кабинет интернетпен қамтылған. Бұл ауыл мектебі үшін жаңа мүмкіндікке жол ашқан жоба болды.
— Бұған дейін бір кабинетте интернет болса, өзгелері wi-fi сұрап жүретін. Сол кезде қатты қысылатын едім. Өзім басшылық қызметте болған соң ұжымға жағдай жасау міндетім. Талап қоямыз, орындау жолы қиын еді. Қазір бүкіл кабинетте интернет, интерактивті панель бар. Сабақ кезінде қолданатын платформалар қолжетімді. Кадр тапшылығы жоқ. Өзім де жаңалықты, жаңашылдықты жақсы көремін, — деді Талдысай орта мектебінің директоры Кансұлу Жұбанова.

Химия пәні мұғалімінің айтуынша, әмбебап екі кабинет жасақталды. Мұғалімдер үшін дербес компьютер, принтер бар. Кез келген сәтте интернетті қосып, қажетті платформаларды пайдалана алады.
— Біз цифрлық технологияны жиі пайдалана бастадық. Қазір сабақта бірнеше платформаны, ЖИ пайдаланамыз. Оқушылардың қызығушылығы арта түсті. Сонымен бірге вертуалды зертханананы қолданып жүрміз. Бұған дейін интернет жылдамдығы төмен болып, біз мұның бәрін аз пайдаландық, — деді химия пәнінің мұғалімі Мейірбек Қожағұлов.

Ал биология пәнінің мұғалімі Таңат Ешмұхановтың айтуынша, біліктілікті арттыру кезінде әріптестер арасындағы тәжірибе алмасу бәріне оң әсер етті.
— Мектеп алдымен «Білім ALL» жобасы, кейін министрліктің пилоттық жобасына қатысты. Біз де сатылап өсіп келеміз. Төрт мұғалім бірлесіп, сабақ кестесін, жоспарын құрастырамыз. Яғни тірек мектептің мұғалімі жоспар құрады, магниттік мектептер қосылады. Платформаларды қолдану жолын үйрендік. Балалардың да қызығушылығы артты. Бізге әлі де жаңа платформаларға кіріп, сабақта қолдануға мүмкіндік жасалса дейміз, — деді Таңат Ешмұханов.
Мектеп оқушыларына өзге ауыл балаларымен жарыса оқу қызық. Олар сабақта үстінде түсінбегенін үйде қайта қарап, қажет болса өз мұғалімінен сұрап алады.
Айта кетейік, Қобдада 24 мектеп болса, оның біреуі — бастауыш, төртеуі — негізгі білім ордасы.
Оқу-ағарту министрлігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, Қазақстанда бүгінде 8 мың мектеп бар, оның 67% — ауыл мектептері, 51% — шағын жинақты мектептер.
Шағын жинақты мектептердің ең көбі Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Павлодар, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында орналасқан.
