«Ауыл» партиясы келер сайлауда Мәжілістегі мандатын көбейтуге тырысады — Серік Егізбаев

серік егізбаев
Фото: видеодан алынған кадр

«Ауыл» партиясы келер сайлауда Мәжілістегі депутаттық мандатын кем дегенде екі есе арттыруға талпынады. Бұл туралы Jibek Joly телеарнасының «Уәде» бағдарламасына сұхбат берген «Ауыл» ХДПП төрағасы, Мәжіліс депутаты, фракция жетекшісі Серік Егізбаев айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«Біз саяси күш ретінде биылғы сайлауда Парламент Мәжілісіне өттік. Парламенттің негізгі мақсаты — қоғамға керек әрі еліміздің дамуына қатысты заңдарды қабылдау. Мәжілісте 7 комитет бар. Осы комиттердің барлығында „Ауыл“ партиясының өкілдері бар. Яғни, Мәжілістегі біздің фракция құрамындағы 8 депутат палата комитеттерінде белсенді жұмыс істеп жүр. Қазір 70-ке жуық заң жобасы қаралып жатса, барлық құжаттарда біздің партияның үлесі бар деп айтуға болады. Қоғам заң талаптары қатаң сақталған жағдайда дамиды», — дейді С. Егізбаев. 

Айта кетейік, «Ауыл» партиясының биылғы сайлау қорытындысы бойынша Мәжілісте 8 депутаттық мандаты бар.

«Жаңа мүмкіндікті қалай пайдалануымыз керек? Сайлаушыларға Парламенттегі фракциямыздың белсенді жұмысын көрсетуіміз керек. Әр фракцияға партиясы қолдау жасауға тиіс. „Ауыл“ партиясының жиырма өңірлік филиалы бар. Олармен күнделікті тұрақты байланыста отырамыз. Облыстарда көтеріліп жатқан күрделі мәселелерді назардан тыс қалдырмай, сараптап жатырмыз. Осы мәселелерді Парламентте көтереміз. Қазір Парламент Мәжілісінде 8 депутаттық мандатымыз болса, келер сайлауда оны кем дегенде 16-ға жеткізуіміз керек. Жалпы, бұдан да көп мандат алуға тырысамыз», — деді «Ауыл» ХДПП төрағасы.

Соңғы жаңалықтар