Ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту ісіне де баса мән беру керек – Президент

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан халқына Жолдауын жариялау кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын жетілдіру, өнімді терең өңдеу және еңбек өнімділігін арттыру мәселелерін көтерді.

топырақ сапасы, ауыл шаруашылығы
Фото: Kazinform / Nano Banana

– Өндіру және өңдеу жұмысымен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және сату жүйесін жетілдірген жөн. Ірі холдингтерден бастап, шағын шаруа қожалықтарына дейін агрологистика орталықтарының қызметін кедергісіз пайдаланатын мүмкіндік болуға тиіс. Жалпы, халықтық құрылыс аясында ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту ісіне де баса мән беру керек. Бұл – стратегиялық маңызы бар міндет, – деді ол.

Президент Үкімет пен «Бәйтерек» холдингіне бірлесіп, нақты шешімдер қабылдауды тапсырды.

Одан бөлек, экономиканың негізгі салаларын дамыту үшін өнімді терең өңдеумен айналысатын, еңбек өнімділігін арттыратын жобаларға басымдық берген жөн. Бұл – басты талап.

– Әсіресе, ірі инфрақұрылымдық бастамаларға қажетті құрылыс материалдарын, металл конструкцияларын, инженерлік жабдықтарды өз елімізде өндірген жөн. Мұндай жобалар «Халықтық құрылыс» бағдарламасының тірегіне айналуы керек деп санаймын. Ұлттық қор арқылы импортты қаржыландыруға жол беруге болмайды. Бұл – маңызды талап. Экономиканың дамуына тың серпін беру үшін озық технологиясы бар, қажетті сараптамалық тәжірибесі және жаһандық нарықтарға шығу мүмкіндігі зор әлемнің жетекші компанияларын, солардың ішінде отандық компанияларды да тартқан жөн. Инвестицияның тиімділігі жұмыс істей бастаған өндіріс орындарының санымен, сапасымен және оның экономикаға қосқан нақты үлесімен бағалануға тиіс, – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге баса мән беру жөніндегі Президент мәлімдемесін жариялағанбыз.