Ауыл шаруашылығы: келер жылы жеңілдетілген қаржыландыру көлемі 900 млрд теңгеге жетпек

  Ауыл шаруашылығы: келер жылы жеңілдетілген қаржыландыру көлемі 900 млрд теңгеге жетпек
Фото: freepik.com

АСТАНА. KAZINFORM – Келер жылы ауыл шаруашылығын жеңілдетілген қаржыландыру көлемі 900 млрд теңгеге жетпек. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлімдеді.

«Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығын жеңілдетілген қаржыландыру көлемін бірнеше есе ұлғайту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, саланы қаржыландырудың жаңа тәсілдерін келесі жылы да жалғастыруды жоспарлап отырмыз.

Мәселен, келесі жылы жеңілдетілген қаржыландыру көлемін 900 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл фермерлерге ауылшаруашылық циклының барлық кезеңінде, дайындықтан бастап егін жинауға дейін қолдау көрсетеді. Бөлінген соманың алғашқы 100 млрд теңгесі осы жылдың желтоқсан айында фермерлерге қолжетімді болады. Бұл көктемгі егіс жұмыстарына уақытылы дайындықты қамтамасыз етеді және жаңа маусымды кідіріссіз бастауға мүмкіндік береді», - деді Азат Сұлтанов «Атамекен» ҰКП съезі алдындағы жиында.

Сондай-ақ, вице-министр Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту деңгейін жылына 8-10%-ға дейін жеткізу жөніндегі тапсырмасын орындау үшін ауыл шаруашылығы техникасының лизингіне кемінде 200 млрд теңге бөлу мәселесі пысықталып жатқанын атап өтті.

Айта кетейік, Астанада «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының XII Съезі өтті. Онда еліміздің түкпір-түкпірінен келген шаруалардың түйткілді мәселелері талқыланды. 

Соңғы жаңалықтар
telegram