Ауыл шаруашылығы министрлігі фермерлерден 350 мың тонна астық сатып алады

Фото: Pixabay

Қазақстанда фермерлерді қолдаудың жаңа шарасы қабылданды, деп хабарлайды Kazinform.

«Біз қазір отандық фермерлерді қолдаудың бұрын-соңды болмаған шарасын қабылдадық. Яғни, азық-түлік келісімшарт корпорациясы арқылы фермерлер үшін форвардтық келісімшарттар бойынша сатып алу бағасы ыңғайлы болып белгіленді. Қазір Қаржы министрлігіне азық-түлік корпорациясы тарапынан тікелей сатып алу үшін бюджет қаражатын бөлудің рәсімдері өтіп жатыр. Біз 2 жыл бойы фермерлерден астық сатып алатын боламыз», - деді ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов «KazAgro-2023» халықаралық көрмесі аясында БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере отырып.

Сонымен қатар вице-министр қазақстандық фермерлерден сатып алынатын астықтың көлемін атады.

«Әрине, көлем аз, небәрі 350 мың тонна. Бұл сын айтылып жатыр. Бірақ біздің мақсат - фермерлердің барлық астығын сатып алу емес. Бағдарламаның мақсаты - ішкі нарықтағы бағаны тұрақтандыру және жекелеген зардап шеккен фермерлерге сапасы өте төмен астықты сатуға көмектесу», - дейді ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ауыл шаруашылығы министрлігі биыл жиналатын астық көлеміне болжам жасады.

Одан бөлек, вице-министр А. Сұлтанов биыл астық экспортының қысқартатынын айтты.

 

Соңғы жаңалықтар