Ауыл шаруашылығы министрлігі шаруаларға субсидия түрлерін 2 еседей қысқартты
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік кешендегі субсидия түрлерін 54-тен 30-ға дейін азайтты. Үнемделген қаражат сала ішінде сақталып, мемлекеттік қолдаудың тиімдірек шараларына бағытталмақ.
Бұл туралы баспасөз-туры барысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов айтты. Оның сөзінше, 2026 жылы агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялауға 588 млрд теңге қарастырылған. Қаражаттың едәуір бөлігі өткен жылдардан қордаланып қалған міндеттемелерді өтеуге және саланың бүгінгі қажеттіліктерін қамтамасыз етуге жұмсалған.
— Негізгі ауыл шаруашылығы өңірлері бойынша фермерлер алдындағы 2023–2025 жылдардағы барлық қарыз толық жабылды. Ал 2026 жылдың қажеттілігі қазіргі уақытта Құрылтайдың қарауында жатқан 2027 жылдың бюджеті есебінен өтеледі, — деді Азат Сұлтанов.
Үнемделген қаражат ауыл шаруашылығында қалады
Вице-министр жүргізіліп жатқан реформа ауыл шаруашылығына бюджеттен қолдауды азайтуды көздемейтінін мәлімдеді. Айтуынша, министрлік ең алдымен тиімділігі күмән тудыратын немесе сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жоғары субсидия түрлерін қайта қараған.
— Босаған қаражаттың бәрі де ауыл шаруашылығы саласында сақталады. Олар қолдаудың тиімдірек түрлеріне бағытталады. Ауыл шаруашылығына бөлінетін бюджеттің жалпы көлемі өзгермейді, — деп мәлімдеді ол.
Осындай бағыттардың бірі — нақты өңдеуге түскен ауыл шаруашылығы шикізатын қолдау болмақ. Вице-министр сүт, жүгері және қант қызылшасы өндірісін мысалға келтірді. Ұсынылып отырған тәсілге сәйкес, субсидиялау — тауар өндірушісі шикізатты кәсіпорынға өткізіп, ол өңделіп, дайын өнім жасалғаннан кейін ғана жүзеге асырылады.
Ауыл шаруашылығы министрлігі мұндай механизм мемлекеттік қаражаттың тиімділігін бақылауды жақсартуға және оларды мақсатсыз пайдалану тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді деп санайды.
Қай субсидия түрлері қысқартылды
Қайта қаралған бағыттардың бірі — селекциялық-асылдандыру жұмыстары саласындағы жекелеген шараларды қолдау.
— Жұмыс субсидия алушының өзіне тапсырылып, ол өз бетінше есеп беретін және бұл қандай да бір құжаттармен қайта тексерілмейтін. Осындай жағдайларда сыбайлас жемқорлық тәуекелдері мен қаражатты мақсатсыз пайдалану қаупі жоғары екенін көріп отырмыз, — деп түсіндірді вице-министр.
Тағы бір мысал — табынның генетикасын жақсарту үшін асыл тұқымды қошқарлар мен бұқаларды жалға алуды субсидиялау. Азат Сұлтановтың айтуынша, мемлекетке жануарлардың нақты пайдаланылуын және мұндай қолдаудың нәтижесінің шынайылығын қадағалау қиынға соққан.
— Субсидиялардың мұндай түрлерін қысқартамыз. Бұл — мемлекеттің саясаты: бюджет қаражаты нақты нәтиже әкелуі тиіс, — деп атап өтті ол.
Фермерлерге несие бірден 5–6%-бен беріледі
Сонымен қатар мемлекет шаруаларды жеңілдікпен қаржыландыру механизмін де өзгертіп жатыр. Вице-министрдің мәліметінше, аграршыларды жеңілдікпен несиелеуге, соның ішінде «Кең дала» бағдарламасы бойынша егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге, сондай-ақ өңдеуші кәсіпорындардың айналым қаражатын толықтыруға 850 млрд теңгеге жуық қаражат қарастырылған. Жеңілдетілген лизинг бағдарламасына тағы 350 млрд теңге бөлінді, оның 300 млрд теңгеге жуығы игеріліп қойған.
Басты өзгерістердің бірі — фермерге енді жоғары мөлшерлемемен коммерциялық несие алып, кейін бюджеттен пайыздардың бір бөлігін субсидиялауды күтудің қажеті жоқ.
— Бұрын несиені 23–24%-бен алып, субсидияны күтетін. Егер бюджеттен ақша уақытында түспесе, фермер өз қалтасынан төлеуге мәжбүр болатын. Қазір ол ешқандай кейінгі субсидиялаусыз, бірден таза 5–6%-бен несие алады. Мөлшерлемені төмендету — бұл мемлекет пен қаржы институты арасындағы қарым-қатынас, фермер бұған қатыспайды, — деп түсіндірді Азат Сұлтанов.
Еске салайық, Қазақстанда пайдаланылмаған 1,3 млн гектар жер мемлекетке қайтарылып, оның 792,5 мың гектарын қайта игеру жұмыстары басталды.