Ауыл шаруашылығы министрлігінде су тасқынынан қырылған мал саны туралы мәлімет жоқ

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі су тасқынынан зардап шеккен мал санын шамалап болсын айта алмай отыр.

Түркістан облысында 4,3 млн тонна мал азығы дайындалды
Фото: Мұхтар Холдорбеков/Kazinform

Министрлік жергілікті атқарушы органдар бүлінген мүлікке қатысты өтініштерді қабылдап, кейін тиісті есеп жүргізетінін атап өтті.

Мал шығынын орнын толтыру мәселесіне келсек, Ауыл шаруашылығы министрлігі келтірілген шығынды өтеу мәселесін әкімдіктерге немесе су тасқынына қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық штабқа жолдау керек екенін айтты.

Айта кетейік, бұған дейін Қарағанды облысының Шет ауданында бірнеше ауылда су тасқынынан 10 бас ірі қара, 72 бас ұсақ мал және тоғыз жылқы өлгені хабарланған болатын.

Ал Ақтөбе облысында ірі қараның өлу көрсеткіші үш мыңға жетті. Жергілікті әкімдіктер әлі күнге дейін есеп жүргізуде, десе де шалғай орналасқан шаруа қожалықтарына қатынау мүмкін болмай тұр.

Ауыл шаруашылығы министрлігі су басқан өңірлерде малдың қырылуының алдын алу мақсатында оларды қауіпсіз жайылымдық аймақтарға орналастыру жұмыстары ұйымдастырылғанын хабарлады. Осылайша, жедел деректер бойынша 30 мыңға жуық төрт түлік қауіпсіз жерге жеткізілген.

Ведомствоның хабарлауынша, су тасқыны салдарынан төтенше жағдай кезінде мал қырылған жағдайда жергілікті бюджеттерден, сондай-ақ басқа да көздерден өтемақы төленеді.