Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу үлесі 70 пайызға жеткізіледі
АСТАНА. KAZINFORM — Ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу үлесін 2026 жылдың қорытындысында 70 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Қазіргі нәтиже де жаман емес. 10 айда тамақ өнімдерін өндіру көлемі 3,6 трлн теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13 пайызға артты. Бұл туралы Құрылтайда өтіп жатқан Үкімет сағатында Ауыл шаруашылығы вице-министр Назгүл Хатепова айтты.
Тамақ өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі ұлғайды
Вице-министрдің атап өтуінше, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту — Ауыл шаруашылығы министрлігі жұмысының басым бағыттарының бірі. Қазір бұл саланың үлесіне елдегі өнеркәсіп өндірісінің 6 пайызы және өңдеу өнеркәсібінің 13 пайызы тиесілі. 2026 жылдың 10 айында тамақ өнімдерін өндіру көлемі 3,6 трлн теңге болды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13 пайызға жоғары. Атап айтқанда, өсімдік майын өндіру 24 пайызға, ұн өндіру 10,8 пайызға, кондитерлік өнімдер шығару 7 пайызға артты.
— Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы шикізатының негізгі түрлерін қайта өңдеу үлесін 70%-ға дейін жеткізу жөніндегі стратегиялық міндетті алға қойды. 2025 жылдың қорытындысында бұл көрсеткіш 64%-ға жетсе, осы жылдың қорытындысында көрсеткішті 70%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр. 2025 жылы саланың негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі екі еседен астам артып, 389 миллиард теңге болды. Жалпы құны 120,4 миллиард теңге болатын 53 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Оның ішінде 24 жоба мал шаруашылығы өнімдерін өңдеуге, ал 29 жоба өсімдік шаруашылығы өнімдерін өңдеуге және сусындар өнеркәсібіне тиесілі, — деді ол.
Кәсіпорындарға қандай қолдау көрсетіледі
Оның айтуынша, саланы одан әрі дамыту үшін зауыттарды отандық шикізатпен қамтамасыз ету, заманауи өндірістік қуаттарды ұлғайту және дайын өнімді өткізуге қолдау көрсету сынды үш міндетті қатар шешу көзделген. Осыған байланысты мемлекеттік қолдау шикізатты өндіру мен сатып алудан бастап, оны қайта өңдеу және дайын өнімді өткізуге дейін бүкіл тізбек бойынша қалыптасқан.
— Зауыттарды салу және жаңғырту бойынша жылдық 2,5%-дық мөлшерлемемен жеңілдетілген кредиттер беру қарастырылған. Жалпы бағыттар бойынша 25%-ға дейін, қант өндіру бойынша 40% және терең өңдеу өнімдерін шығару үшін 50% инвестициялық субсидиялау тетігі қарастырылған. Қайта өңдеу кәсіпорындарының айналым капиталына ерекше назар аударылады. Жылдық 5%-дық мөлшерлемемен жеңілдетілген қаржыландыру тетігі жұмыс істейді. 2024–2025 жылдар аралығында 196 өтінім бойынша 129 миллиард теңге қаражат бөлінді. Осы жылдың қараша айының басындағы жағдай бойынша тағы 150 кәсіпорынға 120 миллиард теңге берілді. Бұдан бөлек, «Даму» қоры арқылы кредит сомасының 85%-ына дейін кепілдік беретін қарыздарды кепілдендіру тетігі де қолданылып келеді, — деді вице-министр.
Назгүл Хатеповның дерегінше, басым ауыл шаруашылығы дақылдарын қайта өңдеуге тапсырғаны үшін субсидиялау тетігі қарастырылған. Бұл шара отандық шикізаттың қайта өңдеу кәсіпорындарына жеткізілуін ынталандырып, фермерлердің өсірген өнімін ел ішінде өңдеуге деген қызығушылығын арттырады. 2026 жылы осы бағыттағы субсидиялау көлемі 20,7 миллиард теңге болды.
Сонымен қатар мемлекеттік қолдау өзге бағыттар бойынша да көрсетіледі. Сүт өңдеу өнеркәсібі үшін сары май, ірімшік және құрғақ сүт өндіруге арналған шикізатты сатып алуға субсидияу көзделген. Оған жыл сайын шамамен 20 миллиард теңге бөлінеді. Тиісті қайта өңдеушілер үшін қосылған құн салығы бойынша қосымша есепке жатқызуды қоса алғанда, салықтық ынталандыру шаралары да қарастырылған.
— Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндірушілер үшін электр энергиясына сараланған тарифтер қолданылады. Бұдан бөлек, азық-түлік бағаларын тұрақтандыру жөніндегі меморандумдар жасалған жағдайда электр энергиясын босату тарифін 20%-ға дейін төмендету мүмкіндігі қарастырылған, — деді ол.
Фермерлерді алдын ала қаржыландыру тетігі кеңейеді
Қайта өңдеу кәсіпорындарының тұрақты жұмыс істеуінің басты шарттарының бірі — оларды ауыл шаруашылығы шикізатымен уақтылы қамтамасыз ету. Вице-министрдің айтуынша, осы мақсатта мемлекеттік қаржыландыру және қайта өңдеушілердің фермерге тікелей аванс беру және форвардтық келісімшарттарды жасау тетіктері қолданылады.
Биыл жеңілдетілген айналым қаражатын қаржыландыру аясында 150 қайта өңдеу кәсіпорны 120 миллиард теңгені алды. Бұл қаражат ауыл шаруашылығы шикізатын алдын ала сатып алуға бағытталған.
— Мұндай тәжірибе май өңдеу саласында кеңінен таралған. Тек 2025 жылдың өзінде май зауыттары фермерлерді тікелей қаржыландыруға 43 миллиард теңге бөлді. Атап айтқанда, соңғы 4 жылда «Май» акционерлік қоғамының форвардтық келісімшарттары 33 миллиард теңге, «Алтын Шығыс»-тың келісімшарттары 18,5 миллиард теңгеге, «Қазақ Астық Групп» кәсіпорныныкі 14,8 миллиард теңге болды. Жалпы көлем — 66,3 миллиард теңге, — деді ол.
Оның сөзіне қарағанда, осындай тетіктер қант саласында да қолданылады. Көксу, Меркі және Ақсу қант зауыттары да фермерлерді қант қызылшасының тұқымымен қамтамасыз етеді. Ас атықты терең өңдеу саласында «Азия АгроФуд» акционерлік қоғамы биыл мамырда жүгері өндірушілерге алдын ала төлем ретінде 550 миллион теңге бағыттады.
Майлы дақылдарды өңдеу көлемі артып келеді
Назгүл Хатепованың айтуынша, қарқынды дамып келе жатқан бағыттардың бірі — бұл майлы дақылдарды қайта өңдеу. Бұл салада жылына 5 млн тоннадан астам шикізат өңдеуге қауқарлы 97 кәсіпорын жұмыс істейді. Соңғы екі жылда іске қосылған ірі жобалардың жалпы қуаттылығы 277 мың тонна болды. Бұл саланың қайта өңдеу әлеуетін арттыруға мүмкіндік берді.
— Жаңа қуаттарды іске қосу дайын өнім шығарудың артуымен қатар 2025 жылдың қорытындысында өсімдік майын өндіру көлемі 954 мың тоннаға, оның ішінде күнбағыс майының көлемі 813 мың тоннаға жетті. Осы жылдың 10 айында 938 мың тонна өсімдік майы өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 24%-ға жоғары. Өсімдік майын өндіру көлемі ішкі қажеттіліктен үш есе артып түседі. Бұл экспортты ұлғайтуға мүмкіндік береді. Қазақстан өсімдік майының экспорты бойынша өткен жылдың қорытындысы бойынша әлемде 6-орынды алды және Еуропалық одақ нарығына күнбағыс шротын жеткізетін ірі елдердің қатарына қосылды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өсімдік майы экспорты 800 мың тоннаға, ал оның ішінде күнбағыс майы экспорты 688 мың тоннаға жетті. Биыл да экспорттың өсуі жалғасып жатыр. Қаңтар-қыркүйек айында күнбағыс, мақсары және мақта майларының экспорты 40%-ға жоғарылады, — деді вице-министр.
Астықты терең өңдеу бағытында алты жоба іске асады
Тағы бір маңызды бағыт — азық-түліктік ұнды, жемшөп өнімдерін және терең өңдеу өнімдерін өндіруді біріктіретін астықты қайта өңдеу саласы. Қазақстан дәстүрлі түрде ұн өндіру мен экспорттауда жетекші орындардың бірін алады. Ішкі нарық қажеттілігін толық қамтамасыз ете отырып, өз қажеттілігімізден екі есе артық ұн өндіреді.
— Сонымен қатар өндірілетін өнімнің түрі мен экспорт құрылымы да өзгеріп келеді. Бұрын Қазақстан жылына 2,4 млн тоннаға дейін азық-түліктік ұн экспорттаса, 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 1,9 млн тонна болды. Алайда саланың дамуын тек азық-түліктік ұн экспорты арқылы бағалау жеткіліксіз. Кәсіпорындар сұраныс өзгерісіне бейімделіп, дәстүрлі өніммен қатар, ең алдымен Қытай нарығына арнап жемдік ұн шығарып жатыр, — деді ол.
Оның дерегінше, 2025 жылдың қорытындысында Қытайға осы өнімдерді жеткізу шамамен 2,9 млн тонна болды. Азық-түліктік ұн экспортын қоса алғанда, дайын өнімнің экспортының жалпы көлемі 4,8 млн тонна болды. Биыл да оң динамика сақталып отыр. Қаңтар-қыркүйек айларында бидай ұнының экспорты 22,5%-ға артып, 1,9 млн тоннаға жетті. Жемдік ұн мен жемшөп өнімдерінің экспорты тағы 1%-ға өсті.
— Саланы дамытудың келесі кезеңі — бұл қосылған құны жоғары терең өңдеу кәсіпорындарының өндірісін қолға алу. 2029 жылға дейін жалпы құны шамамен 4 млрд доллар болатын алты ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Олардың жиынтық қуаты жылына 5,8 млн тонна астық шикізатын өңдеуге мүмкіндік береді. Алғашқы нәтижелер де бар. Биылдың өзінде Түркістан облысында жылына 150 мың тонна жүгері өңдейтін модификацияланған крахмал мен глюкоза-фруктоза шәрбаттарын өндіруге арналған «Қазкрахмал» зауыты іске қосылды. Жамбыл облысында «Fufeng Group» компаниясы қуаттылығы жылына 500 мың тонна жүгері өңдейтін жобаның бірінші кезеңін аяқтады. Кәсіпорында крахмал, амин қышқылдары: лизин, треонин, триптофан, глутамин қышқылы, лейцин, жемшөп және басқа да өнімдерді шығару көзделген. Қалған төрт жоба — іске асыру сатысында. Осылайша дәстүрлі ұн өндірісі мен жемшөп бағытын дамытумен қатар елімізде астық шикізатын терең өңдейтін өнеркәсіптік жаңа өндірістер қалыптасып келеді, — деді Наггүл Хатепова.