Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге баса мән берген жөн – Президент

АСТАНА. KAZINFORM – Заманауи тәсілдерді мал шаруашылығында жан-жақты пайдалану керек. Бұл туралы Қазақстан халқына Жолдауын жариялау кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.

Қазақстанда агроөндірістің жаңа моделі: фермерлер жасымық жеткізуге келісті
Фото: АШМ

- Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу ісін дамытуға баса мән берген жөн. Қазірдің өзінде бұл бағытта табысты жобалар бар. Мәселен, Қызылорда облысының шаруалары қатаң климатқа қарамастан жүгері мен соя өсіріп, оны өңдеумен айналысады. Ал Түркістан облысында қытай компаниясы суды тиімді пайдаланатын заманауи мақта-тоқыма кластерін құрып жатыр. Үкімет осындай озық тәжірибелердің ел аумағында кең тарауына жағдай жасап, инвесторларға уақтылы қолдау көрсетуі керек, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент мұндай заманауи тәсілдерді мал шаруашылығында да жан-жақты пайдаланған дұрыс екенін атап өтті.

- Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін басшылыққа ала отырып, елімізде 71 тауар-сүт фермасы іске қосылды. Бұл фермаларда жыл сайын 462 мың тоннадан астам сүт өндіріледі.

Ақмола облысында шетелдің озық тәжірибесіне сай ет кластері құрылып жатыр. Осындай жобаларды қолдауға болады, қажетті жағдайда қаражат та бөлу керек, - деді Мемлекет басшысы.

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай отырысында «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын жариялап жатқанын жазған едік.