Ауыл шаруашылығы техникасының жеңілдікті лизингін қаржыландыру көлемі артады

Ауыл
Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Ауыл шаруашылығы министрлігі фермерлерді жақсы техникамен қамтамасыз етуге қатысты түсінік берді.

«Қазір республикада шамамен 149,8 мың трактор, 38,6 мың астық жинау комбайны, 13,5 мың дестелегіш, 76,3 мың сепкіш, 4,9 мың егіс кешені және 219 мың топырақ өңдеу техникасы бар. Машина паркінің тозуы 76%. Бұл ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы өнімінде ысырапқа және жөндеу жұмыстарына әрі жанар-жағармай материалдарына жұмсалатын қосымша шығындарға әкеп соқтырады. Министрлік жағынан машина-трактор паркін жаңартуды жеделдету бойынша инвестициялық шығындарды субсидиялау және ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға несие мен лизинг бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау сияқты мемлекеттік қолдау шаралары өз тиімділігін көрсетіп отыр. Егер 2017 жылы ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту деңгейі бар болғаны 1,9 пайыз болса, 2023 жылдың қорытындысы бойынша деңгей 4,5 пайызға дейін ұлғайды. Алайда бұл жеткіліксіз, осыған байланысты Мемлекет басшысы машина-трактор паркін жаңарту деңгейін 8-10 пайызға дейін көтеруді тапсырды», - делінген Ауыл шаруашылығы министрлігінің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Министрлік ақпаратына қарағанда, фермерлер жағынан техникаға деген үлкен сұранысты ескере отырып, инвестициялық шығындарды субсидиялау және кредиттер мен лизинг бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау бағдарламаларының бюджеттері едәуір артты.

«Сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасының жеңілдікті лизингін қаржыландыру көлемін ұлғайту мәселесі пысықталады. Осылайша, 2023 жыл ішінде 20 млрд теңге сомасына «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы жем-шөп жинау техникасының жеңілдікті лизингін қаржыландыру бағдарламасы іске асырылды. Бұдан бөлек, «Жасыл даму» АҚ қорынан ауыл шаруашылығы техникасының жеңілдікті лизингіне Үкіметтің шешімімен 20 млрд теңге бағытталды. Аталған бағдарламалар бойынша ауыл шаруашылығы техникасы 7-10 жыл мерзімге жылдық 6 пайызбен лизингке сатылады. Биыл «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ны одан әрі қаржыландыру үшін 2024 жылғы республикалық бюджеттен ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын лизингке 6 пайыздан аспайтын жеңілдікті мөлшерлеме бойынша сатып алуды қаржыландыру үшін 100 млрд теңге мөлшерінде қаражат бөлу бойынша іс-шаралар ескерілген. Қазіргі кезде аталған жоба бойынша инвестициялық ұсыныс ҚР Ұлттық экономика министрлігінен оң экономикалық қорытынды алды. Бұл ретте жоғарыда аталған іс-шараның тиісті қаржылық-экономикалық негіздемесі әзірленіп жатыр. Барлық бюджеттік рәсімдер жүргізіліп, келісілгеннен кейін, ауыл шаруашылығы техникасын лизингке қаржыландыруды қамтамасыз ету жоспарланған», - деп аталып өткен ведомство мәліметінде.

Соңғы жаңалықтар