Ауыл шаруашылығында өсім бар, бірақ тұрақтылыққа ғылым қажет — депутат

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда 2025 жылы ауыл шаруашылығы саласы шамамен 6 пайызға өсіп, агроөнеркәсіп кешені өнімдерінің көлемі 15 триллион теңгеге жетті. Бұл туралы Құрылтай депутаты Мақсұт Насибулов халықаралық конференцияда айтты. 

Мақсұт Насибулов
Фото: Kazinform

Депутаттың айтуынша, өндіріс көлемінің артуы саланың тұрақты дамуын білдірмейді. Ол үшін ғылыми зерттеулерді жүйелі жүргізіп, олардың нәтижесін ауыл шаруашылығында қолдану қажет.

— Өндіріс көлемінің өсуі әлі тұрақтылықтың белгісі емес. Тұрақты дамудың негізі — білім мен ғылым. Ауыл шаруашылығындағы ғылыми зерттеулер ұзақ уақытты қажет етеді. Алғашқы будандастырудан бастап жаңа сортты егістікке енгізуге дейін 10–15 жыл өтеді, — деді депутат.

Оның сөзінше, ауыспалы егістің тиімділігі мен топырақ құнарлылығындағы өзгерістерді бір жылдың ішінде анықтау мүмкін емес. Өйткені құрғақшылық жылдар жауын-шашынды кезеңдермен алмасып отырады. Сондықтан әр егіс маусымында жиналған ғылыми деректердің маңызы зор.

Мақсұт Насибулов елімізде ғылымға бөлінетін қаржының артқанына да тоқталып өтті. Оның келтірген мәліметінше, ғылыми зерттеулерге жұмсалатын шығын шамамен алты есе өскен. Ал қазір Қазақстанда 24 мың зерттеуші болса, оның 14 мыңы — жас ғалым.

Депутат ауыл шаруашылығында спутниктерді, ұшқышсыз ұшу аппараттарын, түрлі датчиктер мен жасанды интеллектіні қолданудың мүмкіндігі мол екенін де атап өтті. Бұл технологиялар топырақтың жағдайын анықтауға және өсімдік ауруларын алдын ала болжауға көмектеседі.

— Жасанды интеллектінің мүмкіндігі оны үйретуге пайдаланылған деректердің сенімділігіне тікелей байланысты. Көпжылдық тексерілген деректер болмаса, жасанды интеллект сенімді сөйлегенімен, қате жауап беруі мүмкін. Сондықтан аграрлық ғылымды цифрландыру бірыңғай өлшеу әдістеріне және деректерді қадағалау мүмкіндігіне негізделуі тиіс, — деді депутат.

Сонымен қатар ол су ресурстарын тиімді пайдаланудың маңызын айтты. Президент Жолдауында атап өтілгендей, заманауи суару технологиялары дәстүрлі дақылдардың өнімділігін 2–2,5 есеге арттыруға мүмкіндік береді.

— Ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы өндіріс көлеміне ғана емес, ғылыми зерттеулердің сапасына, сенімді деректерге және жаңа технологияларды тиімді пайдалануға байланысты, — деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласындағы ғылыми жобаларды қаржыландыру мерзімін қазіргі 3 жылдан 5–10 жылға дейін ұзарту ұсынылған еді.