Ауыл тұрғындары Библиобус жылжымалы кітапхана арқылы кітап оқу мүмкіндігін алады
АСТАНА. KAZINFORM – Шалғай аудан тұрғындары Библиобус жылжымалы кітапхана арқылы кітап оқу мүмкіндігін алады. Бұл туралы Сенат депутаттарының сауалына Премьер-министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.

- «Республиканың жалпыға бірдей қолжетімді кітапханаларын жаңғыртудың 2025-2027 жылдарға арналған жол картасы» жүзеге асырылып жатыр. Оның аясында халықтың барлық топтарын, әсіресе шалғай аудандарда тұратын тұрғындарды ақпарат пен мәдени ресурстардың қолжетімділігін қамтамасыз ету жұмыстарын Библиобус жылжымалы кітапхана арқылы жүзеге асыру мәселесі пысықталып жатыр. Өз кезегінде мүдделі мемлекеттік органдарға тапсырма берілді, - деді Үкімет басшысы жауабында.
Үкімет басшысы Сенат депутаттарының балалар әдебиетін дамытуға арналған ұлттық стратегия қабылдау ұсынысына жауап берген еді.
Сондай-ақ Премьер-министр «Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы» базасындағы «Қазақстан ұлттық электрондық кітапханасы» ақпараттық жүйесі қазақ тіліндегі балалар әдебиетін цифрлық форматтауды жүргізетіндігін айтады.