Ауылда қолөнерге құштар балалар көп – мұғалім
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ырғыз ауданы Мамыр ауылындағы негізгі мектептің мұғалімі Қанатбек Жүнісов шалғай жерде отырып-ақ ағаштан, әйнектен, темірден түрлі бұйым жасайды. Ол ауыл балаларына шеберліктің қыр-сырын үйретіп жүр.

— Өзіңіз туралы айтып берсеңіз…
— Ырғыз ауданы Нұра ауылында туып өстім. 2010 жылдан бастап Мамыр ауылындағы клубта жұмыс істедім. Сөйтіп қызмет бабымен көрші ауылға көштім. Қазіргі кезде Мамыр негізгі орта мектебінде көркем еңбек пәнінің мұғалімімін. Бұл қызметте жүргеніме 5 жылдай болды. Негізі өзім Шымкентте білім алдым. Мамандығым да өзге. Бастауыш сыныпқа информатика пәнінен сабақ беруге болады. Сол дипломмен жұмысқа кіргеніммен, ептілігімді байқаған басшылық көркем еңбек пәнін қосып берді. Бұл өзімнің жаныма жақын сала.

— Демек арнайы білім алмасаңыз да ағаш, темір, түрлі пластикалық заттармен жұмыс істеу жолын білесіз ғой…
— Иә, мен үшін қиын нәрсе жоқ. Егер түсінбесем, ілімін білмесем әлеуметтік желіге жүгінемін. Онда қызықтың бәрі бар. Қазіргі кезде Мамырдағы мектепте 40-қа жуық бала бар. Оқушыларға көркем еңбек пәнінде ағаштан түрлі бұйым жасауды үйретемін. Жетістігіміз де бар. Оқушыларым аудан, облыстан, республикадан жүлделер алып жүр. Өзім қолөнер шеберлерінің басын біріктірген «Алтын тұмар» кітабына ендім. Сонымен бірге 2024 жылы Этнодизайнерлер одағының мүшесі болдым. Еуразиялық дизайнерлер одағының да мүшесімін. Өзімді алға сүйрей бермей, көбіне оқушыларды байқауларға қатыстырамын.


— Шәкіртіңіз көп пе?
— Ауданда көркемсурет мектебі бар. Өзім соның филиалында жұмыс істеймін. Қазір 12 бала дәріс алады. Бастысы — оқушылар қауіпсіздігі. Сол үшін де балалардың қолын кесіп, жаралайтын құрал-жабдықты ұстатпаймын. Ал ағашты арамен кесу, сүргілеу, егеуқұммен ысқылауды өздері-ақ іліп әкетеді. Тек ағаш, темір емес, сүйектен де түрлі бұйым жасаймыз. Ою салып, кәдесыйлар дайындалады.


— Тағы бір ерекше туынды бар. Ол сіздің картиналарыңыз. Қарасақ, бір картинада екі мағына бар.
— Әйнек, ағаш, желім. Оны жасап шығуға осы үш нәрсе жеткілікті. Қаттама тақтайды алып, суретті күйдіріп салып аламыз. Кейін әйнек қажет болады. Оны желіммен жапсырамыз. Мұның бәрі лезде табыла қоймайды. Сондықтан тұрмыстық қолданыстан босағанын пайдаланамыз, қажеттісін сатып аламыз. Аудан облыс орталығынан, ауыл ауданнан шалғай жатқан соң оны жеткізу де оңай шаруа емес. Дегенмен аса қажет болғанда алып, жаңа дүниелер жасап шығарамыз. Мұндай картиналар көп. Мәселен балық пен балық аулап отырған адам, жылқыдағы қыз бейнесін көре аласыз. Кейбірі ой ұшқырлығынан туындаса, кейбірі бұрынғы шеберлердің туындылары. Оны әлеуметтік желі арқылы тауып, жасап шығарамын. Бұл бұйымдарды ұнатқан адамдарға сыйлап та жібереміз.


— Тағы бір жобаңыз — киіз үй үлгісі. Ақылды жобаның артықшылығы неде?
— Киіз үйдің үлгісін бірер жыл бұрын жасадым. Оны арнайы конкурсқа дайындап, аудан орталығында таныстырдым. Ақылды киіз үй күннен қуат алады. Музыка ойнап, жарығы жанады. Қажет кезде ұялы телефонды да қуаттап алуға болады. Киіз үй макетінде келі-келісап, диірмен, қазан-ошақтың бәрін көруге болады. Білмеген қала баласына ата-бабамыздың, ауылдың кейпін көз алдына алып келдім деп ойлаймын. Оны қолданыстағы материалдардан жасап шығардым. Ағашты әйелдер қауымы асханада түрлі тағам дайындауға пайдаланады. Ал мен ағаш үйдің керегесін, уығын жасадым. Қазір туындым музейде тұр. Енді кеме макетін жасап шыққым келеді.


— Ауыл балалары шынымен де қолөнерге қызығы ма?
— Ауылда қолөнерге құштар балалар көп. Оқушылар ғана емес, мұғалімдер, тұрғындар да менің қолымнан шыққан дүниелерге қызығады. Қызыққан соң да үйірмеге қалмай келіп, жаңа нәрселер үйренеді. Құлшығысы жақсы. Біз түрлі заттар жасап қана қоймай, мектеп ішін жабдықтауға да көмектемесіз. Әр сынып ішінде балалар мен менің қолымнан шыққан дүние бар.



