Ауылда жұмыс істейтін дәрігерлер 10 млн теңге төлем алады — Атырау

АСТАНА. KAZINFORM — Атырау облысында аудан және ауылға барып жұмыс істейтін дәрігер мамандарға бір реттік қаржылай көмек көрсетілді. Толығырақ өңір әкімі Серік Шәпкенов айтып берді.

медицина операция врач санитар дәрігер
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

— «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 4 медициналық ғимаратты пайдалануға бердік. Жыл аяғына дейін 12 нысанның құрылысын аяқтап, халық игілігіне береміз. Келер жылы тағы 2 медициналық объекті ашылады. Одан бөлек биыл жергілікті бюджет есебінен 7 денсаулық сақтау нысаны тапсырылды. Бұл шаралар әсіресе, облыс орталығынан алыс орналасқан елді мекен тұрғындарына медициналық қолжетімділікті арттырады. Өңірде жиі талқыға түсетін тақырыптың бірі — дәрігер тапшылығы. Біз өзге өңірден білікті және оқуын енді аяқтаған жас мамандарды тартып жатырмыз. Оларға бір реттік үстемақы тағайындадық, — деді Серік Шәпкенов облыстың биылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп бере тұрып.

Әкімнің мәліметінше, ауыл дәрігерлеріне берілетін бір реттік көмектің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 2 есе артты.

— Ауылға барып жұмыс істеуге келіскен дәрігерге 10 млн теңге, аудан орталығында қызмет етемін дегендерге 8,5 млн теңге төленді. Ал, облыс орталығында еңбек еткісі келсе 5 млн теңге көлемінде көмек көрсетілді. Жалпы биыл өңірде 140 дәрігер жұмысқа қабылданды. Оған қоса облыс дәрігерлеріне арналған өңірлік бірегей тұрғын үй бағдарламасы арқылы 42 дәрігер баспаналы болды, сондай-ақ 105 қызметтік пәтер сатып алынды. Биыл денсаулық сақтау саласын медициналық жабдықтарға жергілікті бюджеттен 5,1 миллиард теңге бөлінді, соның іщінде медициналық ұйымдарға 45 санитарлық көлік сатып алдық, — дейді ол.

Бұған дейін Серік Шәпкенов өңірдегі Сібір жарасының таралу жағдайына қатысты түсінік берді. 

Соңғы жаңалықтар