Ауылдағы әйелдер кәсіп бастауға неге қиналады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның ауылдық жерлерінде 3,6 миллион әйел тұрады, олардың 391 мыңнан астамы ауыл шаруашылығы саласында еңбек етеді. Алайда қаржыландыруға қол жеткізу мен кәсіпкерлік білімнің жеткіліксіздігі әйелдердің өз ісін дамытуына кедергі келтіріп отыр. Бұл мәселе еліміздің 17 өңірінен 477 әйел қатысқан зерттеуде анықталды.
Ауыл шаруашылығы министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, Астанада агроөнеркәсіп кешеніндегі әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейтуге арналған өңірлік семинар басталды. Жиында қаржыландыруға қол жеткізу, кәсіпкерлік дағдыларды дамыту және ауылдағы әйелдерді қолдау мәселелері талқыланып жатыр.
«Қазақстанның агроазық-түлік жүйесіндегі әйелдер: зерттеу нәтижелерінен нақты шешімдерге дейін» тақырыбындағы екі күндік семинар Ауыл шаруашылығындағы әйелдердің қатысуын дамыту бастамасы (WADI) аясында ұйымдастырылды. Оған мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, ғылыми қауымдастықтың өкілдері мен фермер әйелдер қатысып жатыр.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова аграрлық саладағы әйелдерді қолдау және олардың кәсіби дамуына жағдай жасау маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан Исламдық азық-түлік қауіпсіздігі ұйымымен ынтымақтастықты нығайтуға басымдық береді.
Алматыда өткен дөңгелек үстелдің қорытындысы бойынша келесі жылы іске асырылатын Аграрлық көшбасшы әйелдер мен жас агрокәсіпкерлер жылына арналған іс-шаралар бағдарламасын әзірлеу жөніндегі ұсынымдар дайындалған. Бағдарлама оқыту, тәлімгерлік қолдау және кәсіби байланыстарды дамыту бағыттарын қамтиды.
— Мұндай бастамалар өз кәсібін ашуға, кәсіпкерлік қабілетін шыңдауға және басқарушылық жауапкершілікті өз мойнына алуға дайын әйелдерді қолдауға мүмкіндік береді, — деді Назгүл Хатепова.
Ауыл шаруашылығында 391 мыңнан астам әйел еңбек етеді
Ресми деректерге сәйкес, Қазақстанның ауылдық жерлерінде 3,6 млн әйел тұрады. Ауыл шаруашылығы саласында 391,2 мың әйел еңбек етеді. Бұл саладағы жұмыспен қамтылғандардың жалпы санының 40 пайызына тең.
2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша ауыл шаруашылығы өнімін өндіретін 74,7 мың тіркелген субъектіні әйелдер басқарады. Бұл олардың жалпы санының төрттен бірінен астамын құрайды.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, қолданыстағы мемлекеттік қолдау шаралары әйелдер мен ерлерге тең мүмкіндіктер қарастырады. Сонымен қатар ведомство ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту және фермерлердің кәсіби біліктілігін арттыру жұмыстарын жалғастырып келеді.
Фермер әйелдерге қандай қолдау қажет?
Семинарда WADI бастамасы аясында жүргізілген «Қазақстанның агроазық-түлік жүйесіндегі әйелдер» зерттеуінің нәтижелері таныстырылды. Сауалнамаға еліміздің 17 өңірінен агроөнеркәсіп кешенінде еңбек ететін 477 әйел қатысқан.
Зерттеу нәтижелері әйелдер үшін негізгі кедергілердің бірі қаржыландыруға қол жеткізудің қиындығы екенін көрсетті. Сонымен қатар фермер әйелдер қаржылай қолдаумен қатар, бизнесті жүргізу бойынша білім алуға да мүдделі.
Бұл аграрлық саладағы әйелдерге тек қаржылай көмек көрсетіп қана қоймай, кәсіпкерлік дағдыларын дамытуға және тұрақты жұмыспен қамтылуына мүмкіндік беретін кешенді шаралар қажет екенін аңғартады.
Исламдық азық-түлік қауіпсіздігі ұйымы Бас директоры аппаратының басшысы, елші Азамат Бердібай зерттеу нәтижелері агроөнеркәсіп кешеніндегі әйелдерді қолдаудың нақты шараларын әзірлеуге және WADI бастамасын одан әрі дамытуға негіз болатынын айтты.
Пилоттық жобалар әзірленеді
Семинар қорытындысы бойынша бірнеше басым бағытты қамтитын пилоттық жобаларды айқындау жоспарланып отыр. Олардың қатарында білім беру бағдарламаларын іске асыру, заманауи технологияларға қолжетімділікті кеңейту және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамыту бар.
Жобаларды әзірлеу кезінде жеке қосалқы шаруашылықтарда еңбек ететін әйелдердің қажеттіліктеріне ерекше назар аударылмақ.
Семинар жұмысы 16 қазанда тақырыптық пікірталастармен және WADI бастамасы аясындағы пилоттық жобаларды талқылаумен жалғасады. Жиын барысында әзірленетін ұсыныстар агроазық-түлік жүйесіндегі әйелдерді қолдау тетіктерін жетілдіруге және олардың ауылдық аумақтардың экономикалық дамуына қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталады.
Осыған дейін Еңбек министрлігі мен БҰҰ гендерлік теңдікті нығайту бойынша жаңа келісімдерге келгенін жаздық.