Ауылдағы шаруалар техникасының 80% тозған – Мәжіліс депутаты

Абай облысы
Фото: Абай облысының әкімдігі

АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты Наурыз Сайлаубай ауылдағы шаруалардың техникалық базалық жағдайын қозғап, оның қымбаттау себептерін түсіндірді.

«Көктем шыққалы ауылдағы шаруалар техникасын түгендеп, қарбалас тірлікке кірісіп жатыр. Сол техниканың 80% тозған. Өзімізде шығарылатын ауыл шаруашылығы техникаларының бағасы қымбат, ал шетелден ауыр техника алып келетіндерге қойылатын талап бөлек әңгіме. Сөйтіп, бидай мен етін мұхит асырып, шетелге экспорттаймын деген қазақтың арманы сол күйде қалатын сияқты», - деді Наурыз Сайлаубай депутаттық сауал жолдап. 

Сондай-ақ, халық қалаулысы ауыл шаруашылығы техникасының қымбаттау себептерін түсіндірді. 

«Беларусь-80.1» тракторы 2019 жылы 5,9 млн теңге тұрса, 2022 жылы ол 85% өсіп 11 млн теңгеге өсіп, 8,7 млн теңгеге жетті. Алыс елдерден әкелінетін Джон Дир S 760 комбайны 171 млн теңге тұрса, соңғы 3 жылдың ішінде комбайн 272 млн теңгеге қымбаттаған. Енді қымбат бағаның бұрынғы орнына қайта келуі екіталай», - дейді ол. 

Одан бөлек, депутат ауыл шаруашылығы техникаларының қымбаттауына утиль алымдар мен алғашқы тіркеу салығы да салмақ түсіріп тұрғанын айтты. 

«Алым, салықтар жоғарыда айтылған ауыр техникалардың қымбаттауына тікелей себеп. Қаржылық мониторинг агенттігінің ақпараты бойынша осы алымдарды айналып өту үшін, 413 жүк көлігін заңсыз тіркеген азаматтар мемлекетке 3 млрд 156 млн теңге шығын әкелген. Бұл тек ұсталғандары ғана, ал ұсталмағандары қаншама. Бұл мәселені Парламенттің қос палатасы бірнеше жыл болды көтеріп келеді. Қазір тасқын сумен күресуге жаңа заманауи техникалардың ауадай қажет. Осы алымдардың елге тиімсіз екенін тағы қалай дәлелдеу керек?», - деді Н. Сайлаубай.

Соңғы жаңалықтар