Ауылдағы жалдамалы баспанаға өтініш берудің жаңа тәртібі енгізілді
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде ауылды жерлердегі жалдамалы баспананы бөлудің жаңа тәртібі енгізілді. Енді тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар өз ауданындағы арендалық баспананы өздері таңдап, өтініш бере алады. Бұл туралы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков айтты.
Жаңа тетік 1 қыркүйектен бастап «Отбасы банкінің» сайтында іске қосылды.
— Азамат тұрғын үй кезегінде қай ауданда тұрса, сол ауданда ұсынылған жалға берілетін баспаналардың бірін таңдап, оған өтініш бере алады. Қазірдің өзінде 400-ге жуық азамат ауылды жерлерден баспана таңдады, — деді комитет төрағасы.
Сонымен қатар ол тұрғын үй кезегіне отбасы құрамында кімдер кіретіні де нақты белгіленген. Олардың қатарына ерлі-зайыпты, балалар, оның ішінде асырап алынған балалар мен олардың отбасылары, сондай-ақ ерлі-зайыптының ата-аналары кіреді.
Бұл отбасы мүшелеріне де тұрғын үй кезегіне тұрған негізгі өтініш берушіге қойылатын талаптар қолданылады.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға 2 және 5 пайыздық жеңілдетілген ипотека берілетіні жөнінде жаздық. Биыл осы бағытта 12,6 мың қарыз беру жоспарланған. Оған 175,1 миллиард теңге қарастырылған.