Ауылдан Стэнфордқа: Ақтөбелік түлек арманына қалай жетті

АСТАНА. KAZINFORM – Ақтөбе облысы Мәртөк ауданындағы №2 мектеп-гимназиясының түлегі Аружан Алдажарова әлемдегі жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Стэнфорд университетіне грантпен оқуға түсті.

Ауылдан Стэнфордқа: Ақтөбелік түлек арманына қалай жетті
Фото: видеодан алынған скрин

Ауыл мектебінде білім алған жас түлек университетке 100 пайыздық грантпен қабылданған. Jibek Joly телеарнасындағы «Бүгін.LIVE» бағдарламасында жетістікке жету жолымен бөлісті.

Аружанның айтуынша, Стэнфордқа түсу арманы бала кезінен басталған. Оның АҚШ-та білім алу туралы мақсатын қалыптастыруға анасының қолдауы ерекше әсер еткен.

– Алғаш рет АҚШ туралы арманым пайда болған кезде, оны маған анам айтып, сол арманымды толық қолдаған да анам болды. 8-сыныпқа келгенде АҚШ университеттеріне түсу деген мақсат пайда болды. Ата-анамның қолдауының арқасында өзіме деген сенім қалыптасты. Арманым мен мақсатым айқын болғандықтан, 8-сыныптан бастап дайындықты бастадым, – деді Аружан.

АҚШ университетіне түсу үшін бір ғана оқу орнын таңдау жеткіліксіз. Сондықтан Аружан Алдажарова бірнеше университеттің талаптарын, білім беру мүмкіндіктерін, профессорларын, факультеттерін және өзі таңдаған мамандыққа сәйкестігін зерттегенін айтты.

Осы ізденістің нәтижесінде Стэнфорд университеті оның ең қалаулы оқу орнына айналған. Аружан университетте экономика және саясат бағытында білім алуды жоспарлап отыр.

Стэнфордқа түсу жолындағы маңызды кезеңдердің бірі – халықаралық емтихандарға дайындық болды. Ол SAT және IELTS сынақтарын тапсырып, жоғары нәтиже көрсетті. Алайда Аружанның айтуынша, АҚШ университеттеріне қабылдану тек тест нәтижелеріне байланысты емес.

Оның оқу үлгерімімен қатар, жазған эсселері, алған марапаттары, түрлі бағдарламаларға қатысуы және қоғамдық белсенділігі де қарастырылған. Сондықтан Аружан мектеп қабырғасында жүрген кезінен бастап өз мүмкіндігін жан-жақты дамытуға тырысқан.

–Университетке түсу үшін тек емтихан нәтижесі жеткіліксіз. Эсселер, алған марапаттар және басқа да жетістіктер бірге қарастырылады. Мектеп ауылда орналасқанымен, қолымнан келген мүмкіндіктің бәрін пайдалануға тырыстым. Онлайн жобаларды іздедім, түрлі бағдарламаларға қатыстым, волонтерлік жұмыстармен айналыстым, спортпен шұғылдандым. Бір бағытты таңдап, сол жолмен жүйелі түрде жүруге тырыстым, – деді ол.

Аружан ауылда білім алудың өзіне кедергі болмағанын атап өтті.

Оның пікірінше, қазіргі заманда білім алуға мүмкіндік беретін онлайн ресурстардың көп болуы оқушыға өз бетінше ізденуге жол ашады.

– Адамның қай жерде туғаны немесе қайда тұрғаны маңызды емес. Барлық шектеу санада. Ауылда болсақ та, өзімізге берілген мүмкіндікті барынша пайдалануға тырыстық, – деді Аружан.

Жас түлек үшін Стэнфордқа қабылдану – тек жеке жетістік емес, туған мектебі мен ұстаздарының да еңбегінің нәтижесі. Аружанның жетістігі ауыл мектебінде білім алып жүрген оқушылардың да әлемнің үздік университеттеріне түсуге мүмкіндігі бар екенін көрсетеді.

Айта кетейік, бұған дейін, ауыл мен қала оқушылары арасындағы білім алшақтығы 5 балға қысқарғанын жазған едік.