Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Ауылдарда қоқыс шығарудың бірыңғай жүйесі енгізіледі

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда ауылдық жерлерде қатты тұрмыстық қалдықтарды басқарудың бейімделген моделі енгізіледі. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте осы бағыттағы жобалар қаралды.

экология
Фото: ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Экология және табиғи ресурстар министрлігі әр ауданның ерекшеліктерін ескере отырып, коммуналдық қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау және көму жүйесін қалыптастыруды көздейді. Бұл реформа қалдықтардың барлық түрлерін басқару тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылып жатыр.

Коммуналдық қалдықтарды басқарудың жаңа схемалары пилоттық форматта Алматы, Маңғыстау, Қызылорда және Ақмола облыстарында іске асырылады. Негізгі міндет — ауылдық елді мекендерді қалдықтарды шығару қызметімен толық қамту және оны әкетудің бірыңғай республикалық жүйесін құру.

Қазіргі уақытта министрлік сарапшылары өңірлермен бірлесіп инфрақұрылымға нақты қажеттілік есебін жүргізіп жатыр. Тиімді схемаларды құру кезінде халық саны, елді мекендер арасындағы қашықтық, қолданыстағы инфрақұрылым және көршілес аудандар мен облыстардың нысандарын пайдалану мүмкіндігі ескеріледі.

-Сонымен қатар кеңесте қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаруды ұйымдастыруды цифрландыру және құрылатын инфрақұрылымның жұмысын бақылау мәселелері жеке қаралды. Жүйелі жұмыс ауылдық жерлерде жыл сайын пайда болатын заңсыз қоқыс үйінділері проблемасын шешуге бағытталған,-делінген хабарламада.

Осыған дейін «Қазақстанда қоқысты шикізатқа айналдыруға не кедергі» деген тақырыпта сараптама материал жарияладық.