Ауылдарда салынатын медициналық нысандарды ДСМ мамандары аралап тексереді
АСТАНА. KAZINFORM – Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Денсаулық сақтау министрлігінің мамандарына ауылдарда салынып жатқан медициналық нысандарды арнайы аралап тексеруді тапсырды.

«Көпсалалы орталық аудандық ауруханаларды күрделі жөндеу және реконструкциялау жұмыстарын да жандандыру қажет. Сондай-ақ қажетті медициналық жабдықтардың көлемін де айқындап алу керек», - деген Премьер-министр өңірлерде бой көтеріп жатқан медициналық нысандардың уақтылы қолданысқа беріліп, сапалы салынуына бірінші кезекте Денсаулық сақтау министрлігі жауапты екенін еске салды.
«Денсаулық сақтау, Қаржы министрліктері мен әкімдіктер қалған жобаларды қаржыландыру мәселесін шешу бойынша шұғыл шаралар қабылдасын. Денсаулық сақтау министрлігі тұрақты негізде объектілерді аралай отырып, құрылыс жұмыстары аяқталғанша мониторинг жүргізсін», - деді Олжас Бектенов.