Ауылдарға интернет орнатуға не кедергі – Президент кеңесшісі жауап берді

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Президентінің кеңесшісі Қуанышбек Есекеев еліміздің кей ауылдарында неге әлі күнге дейін интернет жоқ екенін түсіндірді.

Қуанышбек Есекеев «Қазақтелекомның» монополист атанғаны туралы пікірлерге жауап берді
Фото: Дияр Бексұлтанов

Спикердің айтуынша, ұялы байланыс сигналы базалық станциялар арқылы жұмыс істейді, бұл станциялар энергетикалық инфрақұрылымға тәуелді.

− Абонент алатын кез келген сигнал базалық станциялардың орнатылуына байланысты. Біз қазір отырған ғимаратта сіздің ұялы телефоныңызға шамамен 3-4 базалық станция сигнал береді. Ауылдардағы байланыс мәселесі базалық станция салу үшін энергетиканың қажеттігімен байланысты. Телекоммуникация индустриясы, әсіресе ұялы байланыс тікелей энергетикаға тәуелді, себебі сигнал беретін радио бөлігі электр қуатынсыз жұмыс істемейді, - деп түсіндірді кеңесші «Jibek Joly» телеарнасындағы «Уәде» бағдарламасында.

Сонымен бірге, бағдарлама қонағы базалық станцияларды пайдалану жергілікті жер бедеріне де байланысты екенін айтуда.

− Мысалы, таулы жер бедерінде базалық станцияларды пайдалану қиын. Сондықтан байланыстың ауқымы – үнемі назарда болатын мәселе. Қазір ел аумағының негізгі бөлігінде 3G сигналы бар. Бірақ тұтынушылар қалыптасқан дағдысымен 4G сигналын талап етеді. Сол себепті 4G сигналымен қамтуды әрдайым ұлғайтып отыруға тура келеді. Дәл осындай мәселе қалалардағы «сұр аймақтарда» да бар. Мысалы, көлік кептелісінде төрт адам отырса, олардың үшеуі 90% жағдайда телефон қарап отырады. Көліктер саны көп болса, базалық станцияның жүктемесі де артады. Сол себепті жоғары жүктеме болған аймақтарда басқа абоненттердің сигнал деңгейі төмендей бастайды, - деді Қ. Есекеев.

Оның айтуынша, қазір бір адамға шаққандағы тұтыну көлемі орта есеппен 30%-ға артқан, сондықтан бұл жұмыс үздіксіз жүргізілуде, оған мемлекет түрлі жолдармен қаржы бөліп отыр.

Бұған дейін Қуанышбек Есекеев Қазақстан ауылдарындағы интернет мәселесі қашан толық шешілетінін айтқан еді.

Сондай-ақ, Қ. Есекеев «Қазақтелекомның» монополист атанғаны туралы пікірлерге жауап берді.

Соңғы жаңалықтар