2026 жылғы 25 қыркүйек – Қазақстан Республикасындағы Жалпыұлттық аза тұту күні

Ауылдастары қаза тапқан сарбаз туралы: кісінің алдынан кесіп өтпейтін еді

ОРАЛ . KAZINFORM – Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан ҚР Қарулы күштерінің келісімшарт бойынша әскери қызметшісі, сержант Мансұр Ғұмаровтың денесі 25 қыркүйек күні кешкісін туған жеріне жеткізілді.

в
Фото: Ақжайық ауданы әкімдігі

Мансұр Ғұмаровтың денесі бүгін таңмен табылған болатын. 

Ақжайық ауданы әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, Мансұр Айтбайұлы 2007 жылғы 2 маусымда осы ауданның Құрайлысай ауылдық округіне қарасты Жұбан Молдағалиев ауылында дүниеге келген.

2024 жылғы 13 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігіне қарасты Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледжге оқуға түсіп, 2026 жылы тәмамдаған. Ол әскери мамандықты меңгеріп, Отан алдындағы азаматтық борышын әрі әскери қызметін абыроймен атқарды.

Туыстарының хабарлауынша, Жұбан Молдағалиев ауылындағы өз үйінде 26 қыркүйек күні қонақасы беріліп, марқұм жексенбіде жер қойнына беріледі. 

Жаманат хабарды естігеннен бүкіл ауыл аза тұтып, отбасының қайғысына ортақтасып, көңіл білдіріп жатыр.

Мансұрдың анасы Ләйла Зинекенова Талап мектеп-бөбекжай кешені директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болса, әкесі Айтбай Ғұмаров – қарапайым жұмысшы. Қарындасы Нәзира Алматы қаласындағы Қыздар педагогикалық университетінің 4 курсында оқиды, інісі Нартай – 6-сынып оқушысы.

- Мансұрдың ата-әжелерімен араласып тұрдық. Өмір бойы ел қатарлы еңбек еткен тамаша адамдар, әжесі бар. Өте тәрбиелі отбасы. Мансұр кісінің алдынан кесіп өтпейтін бала еді. Әскери колледжді бітіріп, Маңғыстауға барғанына екі айдай уақыт болған екен. Қолдан ештеңе келмесе де, кешеден бері ел болып күңіреніп, жоқтап жатырмыз. Адам тұйыққа тірелгенде, сүйегінің табылғаны да жанына жебеу болады екен, - дейді Үзілдік Елеубаева. 

а
Фото: Жеке архивінен

Осы қазаға байланысты тұрғындар 26 қыркүйекке жоспарланған Жұбан (бұрынғы Өлеңті) ауылының 65 жылдығын тойлаудан бас тартты. 

Маңғыстауда қаза тапқан сарбаздардың бірі Ақжайық Ғилаж Казталов ауданы Қараоба ауылында сенбі күні жерленеді. 

с
Фото: Казталов ауданы әкімдігі

Ғұмар Қараш атындағы мектеп-гимназияның мұғалімі Рина Басерова Ақжайық 5-9 сыныпта оқыған кезінде сынып жетекшісі болған екен. 

в
Фото: Рина Басерованың жеке архивінен

Оның сөзіне қарағанда, Ақжайық ол кезде кіп-кішкентай, сап-сары балапан еді. Тілалғыш, аузын ашса, жүрегі көрінетін ақжарқын оқушы еді. Адамның көңіліне қарап тұратын, мейірімді, ашық мінезді көңілі таза жан болатын. Сөмкесіне жаңа дәптерлерді үнемі толтырып салып жүруші еді. Достарына үнемі қолдау білдіріп жүретін. Анасы Гүлсамал Ғалымқызы қыркүйек айында Ақжайыққа кітап жетпей қалмасын деп хабарласатын.

в
Фото: Рина Басерованың архивінен

Сыныпта туған күндер 15 қыркүйекте Ақжайық Болатбекұлының туған күнімен басталатын. 

п
Фото: Рина Басерованың жеке архивінен

- Сыныпта туған күн кештері болмайды десең, ренжитін. Алғаш сынып жетекшісі болған жылдары сабақтан соң велосипедімен үнемі менің үйімнің жанына келіп жүретін. Сырттан бақылап, есік алдына шықсам, біраз әңгіме айтып, содан соң кететін. Менің шыққанымды күтіп жүретін. Әңгімешіл жан еді. Маған кішкентай бокал сыйлағаны бар. Кешелі бері сол бокалды қолыма ұстай беремін. Достарын үнемі алдатып, ойнап жүретін. Бірге оқыған Нұреділ, Исмаил, Руханият, Мерей, Сағындық, Ерғазы, Расулдар кешеден бері хабарласып, «Апай, не боп кетті?!» деп жатыр, - дейді Р.Басерова. 

п
Фото: Жеке архивінен

Орал политехникалық колледжін өткен жылы тәмамдаған Ақжайықтың армандары көп еді. "Әскерге барасыңдар ма?" деген сұраққа бірден ойланбастан "Ия, барамын" деп жауап беретін. Қасындағы достарына да "Барамын деп айт», деп отырушы еді. 

в
Фото: Рина Басерованың жеке архивінен

Отбасында апалары Айкөркем мен Әдемі болса, артынан ерген Ақниет есімді інісі бар.

- Жазғы демалыс кезінде нағашыларыма барып келдім деп қуанып айтатын. Бұлар сыныптан 4 бала болып әскерге аттанып еді. Ақжайығымның жарқын бейнесі жүрегімізде әрдайым сақталады. Ер есімі ешуақыт ұмытылмайды. Көңілім босап, өзімді әрең ұстап отырмын, - деді Ақжайықтың ұстазы. 

а
Фото: Рина Басерованың жеке архивінен

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Каспий теңізінде жоғалған екі әскери қызметшінің денесі табылып, іздестіру операциясы аяқталғанын жазған едік.

Сондай-ақ Маңғыстауда қаза тапқан батысқазақстандық сарбаздардың денесі Оралға жеткізілді. 

Маңғыстауда қаза тапқан сарбаздың ұстазы шәкіртінің үлкен әулеттің үкілеген үміті болғанын айтты. 

Маңғыстауда қаза тапқан батысқазақстандық сарбаздың туған жеріне оралуына санаулы күндер қалған еді.