Каспий теңізінде жоғалған екі әскери қызметшінің денесі табылды: іздестіру операциясы аяқталды

АСТАНА. KAZINFORM – Каспий теңізі акваториясында жүргізілген іздестіру-құтқару операциясы аяқталды. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Каспий теңізінде жоғалған екі әскери қызметшінің денесі табылды: іздестіру операциясы аяқталды
Фото: Қорғаныс министрлігі

Бүгін, 25 қыркүйекте, сағат 9:15 шамасында үздіксіз жүргізілген іздестіру-құтқару жұмыстары барысында бұған дейін із-түзсіз жоғалған екі әскери қызметшінің — сержант Мансұр Гумаров пен матрос Мирас Тұрдыбекұлының денелері табылды.

Еске салайық, қайғылы оқиға оқу-жауынгерлік міндетті орындау барысында ауа райының кенеттен күрт нашарлауынан орын алып, нәтижесінде 17 әскери қызметшіні ашық теңізге алып кеткен болатын. Олардың үшеуі құтқарылып, 14 әскери қызметші қаза тапты.

— Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің және Қарулы күштерінің басшылығы мен жеке құрамы қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады.

Қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына қажетті жан-жақты, оның ішінде материалдық және психологиялық көмек көрсетіледі, — делінген министрлік хабарламасында. 

Еске салайық, 2026 жылғы 24 қыркүйекте Каспийдегі әскери оқу-жаттығу кезінде 9 әскери қызметші қаза тапқанын хабарлағанбыз. Үш әскери қызметші құтқарылды. Олардың біреуі ауруханаға жатқызылды.

Кейіннен Каспийде қаза болған әскери қызметшілердің саны 12-ге жетіп, екеуі іздестіріліп жатқаны хабарланды.

Қорғаныс министрлігі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің тізімін жариялады.

Әскери қызметшілердің қаза болу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеліп жатқанын жаздық.

Сонымен қатар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезіндегі қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына көңіл айтты.

Әскерилердің қазасынан кейін Ақтауда үш күнге жоспарланған мерекелік шаралар өтпейтіні айтылды.

Бүгін Каспийде екі әскери қызметшіні іздеу операциясына жүздеген адам жұмылдырылғаны хабарланды.

Сонымен қатар әскери қызметшілердің қауіпсіздігіне жауапты тұлғалар күдікке ілінгені туралы жазған едік. 

Айта кетелік Каспийдегі төтенше жағдайдан кейін құтқарылған әскери қызметші есін жиған еді.