Маңғыстауда қаза тапқан батысқазақстандық сарбаздардың денесі Оралға жеткізілді
ОРАЛ. KAZINFORM — 25 қыркүйек күні сағат 8:45-те Орал қаласының әуежайына Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан батысқазақстандық әскери қызметшілер Жеңіс Темірғалиев, Өмірбек Өмірзақ және Ақжайық Ғилаждың денесі арнайы рейспен жеткізілді.
БҚО әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, марқұмдарды ақтық сапарға шығарып салу және жерлеу рәсімдері 26 қыркүйек күні өтеді.
— Мемлекет басшысының тапсырмасымен қаза тапқандардың отбасыларына жергілікті атқарушы органдар тарапынан материалдық көмек көрсетіледі. Сондай-ақ, бұл іске бизнес өкілдері де атсалысады. Жерлеу рәсімдерін ұйымдастыру бойынша барлық қажетті шаралар қабылдануда. Аталған жағдай облыс әкімінің тікелей бақылауында, — делінген ресми мәліметте.
Бәйтерек ауданы әкімдігінің мәліметіне қарағанда, Бөкей ордасы ауданында дүниеге келген, Бәйтерек ауданының Байқоныс ауылы, Володар елді мекенінің тұрғыны Өмірбек Өмірзақ 2025 жылғы 25 қазанда әскер қатарына шақырылған.
Казталов ауданы әкімдігінің мәліметі бойынша Ақжайық Ғилаж осы ауданның Қараоба ауылынан аттанған.
Бөрлі ауданы әкімдігінің дерегіне сәйкес Жеңіс Темірғалиев — Ақсай қаласының тумасы.
Осыған орай аталған аудан әкімдіктері де сарбаздардың отбасы мен тума-туысқандарына көңіл айтты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Маңғыстауда қаза тапқан әскери қызметшілерді аты-жөндері белгілі болғанын жазған едік.