«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында медициналық нысан салу жоспары 100 пайыз орындалды
АСТАНА. KAZINFORM — «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жоспарланған медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысандары 100 пайыз салынды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінен мәлім етті.
— Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауын іске асыру шеңберінде ауыл тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің деңгейін арттыру мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 30 қарашадағы № 962 қаулысымен «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы бекітілді. Ұлттық жоба ауылдық жерлердегі медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға бағытталған. Ұлттық жобаның негізгі басымдығы жаңа медициналық нысандарды салумен қатар, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға, аудандық ауруханаларды жаңғыртуға және оларды білікті кадрлармен қамтамасыз етуге бағытталған, — деп атап өтті министрліктен агенттіктің ресми сауалына берген жауабында.
Ұлттық жобада қойылған мақсатқа қол жеткізу үшін мынадай үш негізгі міндет көзделген:
— ауылдық елді мекендерді нормативтерге сәйкес медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарымен қамтамасыз ету;
— ауыл тұрғындарына уақытылы шұғыл медициналық көмек көрсетуді ұлғайту;
— ауылдағы денсаулық сақтау нысандарын медицина кадрларымен қамтамасыз ету.
— Осылайша, жоба медициналық нысандарды салуды, медициналық жабдықтармен қамтамасыз етуді, кадрлық әлеуетті нығайтуды және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруды қамтитын кешенді жаңғыртуға бағытталған. Бүгінде жоба аясында жоспарланған 655 МСАК нысанының барлығының құрылысы аяқталды. Олардың ішінде 260 медициналық пункт, 235 фельдшерлік-акушерлік пункт және 160 дәрігерлік амбулатория бар. Бұл ретте Ұлттық жобада жоспарланған 655 нысанның ішінен 427-сі тозған, авариялық жағдайдағы қолданыстағы ғимараттардың орнына, 208 нысан бұрын меншікті ғимараты болмағандықтан медициналық қызметтер үйге келу арқылы көрсетілген ауылдық елді мекендерде, 20 нысан медициналық нысан мен медицина қызметкерлері болмаған ауылдық елді мекендерде салынды, — деп нақтылады ведомстводан.
Бұған дейін денсаулық сақтау жүйесінде лицензиясыз жұмыс істеген 40 ұйым анықталғанын жазған едік.