Ауылға жұмыс істеуге барған медицина қызметкерлеріне қандай көмек көрсетіледі

АСТАНА. KAZINFORM – «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы іске асыра бастаған сәттен бастап ауылдағы денсаулық сақтау нысандарына 1 700-ден астам медицина қызметкері жұмысқа орналастырылды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінен мәлім етті.

врачи
Фото: ҚР Президентінің Іс Басқармасы

Ведомствоның атап өтуінше, ауылдағы кадр тапшылығы мәселелерін шешу үшін мемлекет тарапынан медицина мамандарын ауылдық аймақтарға тарту мақсатында ынталандыру бағдарламалары әзірленіп, іске асырылды. Медицина қызметкерлеріне мынадай көмек түрлері көзделген:

- ауылдық жерлерге жұмысқа келетін, тапшылығы жоғары мамандықтары бар медицина қызметкерлері 100 АЕК алады.

- «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ауылдық жерлерге жұмысқа келген жас мамандарға:

-100 АЕК мөлшерінде көтерме жәрдемақы төлеу қарастырылған;

- республикалық бюджеттен тұрғын үй сатып алуға аудандық жерлерде сыйақы мөлшерлемесі 1% болатын 2 500 АЕК-ке дейінгі, ал ауылдарда 2 000 АЕК-ке дейінгі кредит және басқа да жеңілдіктер беріледі.

- Бүгінге дейін барлығы 900-ге жуық әлеуметтік қолдау шарасы көрсетілді. Оның ішінде көтерме жәрдемақы, қызметтік тұрғын үй беру, тұрғын үй салуға/сатып алуға жеңілдетілген кредит беру шаралары және әлеуметтік қолдаудың басқа түрлері (коммуналдық қызметтер, байланыс төлемі және т.б.) бар. Жаңадан келген мамандар үшін бейімделу және кәсіби даму процесінде қолдау көрсету мен сүйемелдеуді қамтамасыз ететін тәжірибелі жұмысшылардың қатысуымен тәлімгерлік жүйесі ұйымдастырылады. Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың өңірлік перспективалық жоспарларына сәйкес, медициналық ныснадарға қажеттілік халық саны, медициналық көмекке деген сұраныс, елді мекендердің орналасу ерекшеліктері және медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету қағидаты ескеріле отырып, жергілікті атқарушы органдармен айқындалады. Сондай-ақ медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында Инфрақұрылымды дамыту қорының қаражаты және республикалық бюджет қаражаты есебінен 20 дан астам медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысанын салу жоспарланған, - деп атап өтеді министрліктен агенттіктің ресми сауалына орай.

Бұған дейін көпбейінді орталық аудандық ауруханаларды жаңғырту биыл аяқталатынын жазған едік.