Ауыр атлетика: Ерназ Алпысов мансабындағы үздік нәтижені көрсетті

ауыр атлетика
Фото: Спортты дамыту дирекциясы

АСТАНА. KAZINFORM – Таиландтың Пхукет қаласында өтіп жатқан ауыр атлетикадан лицензиялық әлем кубогында Ұлттық құрама сапынан сынға түскен Ерназ Алпысов (55 кг) карьерасындағы үздік нәтижені көрсетті.

Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі мәлім еткендей, жұлқа көтеруде бір мүмкіндігін, ал серпе көтеруде 2 мүмкіндігін сәтті пайдалана алмаған Ерназ 237 кг нәтижемен (жұлқа – 107 кг, серпе – 130 кг) А тобында 6-сатыдан көрінді.

Мұнда Солтүстік Корея спортшысы Ун Чол Панг (118+152) чемпион атанды. Күміс Таиланд өкілі Наттават Чомчуеннің (119+150), қола вьетнамдық Тхана Лаидың (120+148) еншісіне бұйырды.

«Былтырғы әлем чемпионатында Ерназ жалпы есепте 233 кг еңсерген. Осы жарыста сол көрсеткішті жақсарта алды. Бұдан жоғары орыннан көрінуге қауқарлы еді. Алайда салмақ қуу өз әсерін тигізгендей. Келесі олимпиадалық айналымда ол Олимпиада бағдарламасына кіретін 61 кг дейінгі салмақта өнер көрсетеді», - деді ерлер Ұлттық құрамасының бас бапкері Дәурен Бекмұханбетов.

Сонымен қатар бүгін әйелдер арасында 49 кг дейінгі салмақтағы барлық жарыс аяқталды. Ұлттық құрама спортшысы Айнұр Әбдіхалықова бір күн бұрын сынға түсіп қойған.

Әйелдер құрамасының бапкері Иван Снегуровтың айтуынша, Париж ойындарының жолдамасын алуға әлі мүмкіндік бар.

«Айнұр жақсы өнер көрсетті. Барлық 6 мүмкіндігін сәтті орындап, әзірге карьерасындағы үздік нәтижені тіркеді (қос сайыста 160 кг). Жалпы есепте 12-13-сатыда келе жатыр. Яғни, Олимпиада лицензиясына ие болатын мүмкіндігі бар. Бәрі ұпайлар есептеліп, соңғы рейтинг шыққанда белгілі болады», - деді Иван Снегуров.

Ертең, 2 сәуірде Әлем Кубогында Дарья Балабаюк (59 кг) жүлдеге таласады.

Айта кетсек, аталған біріншіліктің алғашқы күні Айнұр Әбдіхалықова бақ сынаған болатын. Ол 49 кг дейінгі салмақта С тобында 5-сатыдан көрінді. Ол жұлқа көтеруде 72 кг, серпе көтеруде 88 кг зілтемірді ырқына көндіріп, 160 кг нәтижемен шектелді.

Соңғы жаңалықтар