Ауыр атлетикадан Азия чемпионаты басталды

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында ауыр атлетикадан Азия чемпионатының жалауы көтерілді. 

чемпионат
Фото: ҚР Спорт комитеті

Жарыстың бірінші күнінде Қазақстанның атынан Айнұр Абдықалықова өз өнерін ортаға салды.

45 келіге дейінгі салмақта күш сынасқан отандасымыз жұлқа көтеруде 62, ал серпе көтеруде 75 келіні бағындырып, қос жаттығудың қорытындысы бойынша 137 келімен 4-орынға табан тіреді.

Аталған салмақтан бірінші орынды Солтүстік Кореядан келген атлет Вон Сим Хюн 192 кг (86+106) жеңіп алса, екінші орынға Таиланд спортшысы Сиривимон Прамонгхол 163 кг (72+91) қол жеткізді. Ал үздік үшінші орыныға Тайпей спортшысы Хонг Зи-Ю 162 кг (72+90) ие болды.
10 ақпанға дейін жалғасатын сарықұрлық додасында ел намысын ерлер арасында Ақмолда Сайрамкез (67 кг), Әлібек Рақымберді (73 кг), Александр Уваров (81 кг), Сергей Петрович (96 кг), Кирилл Староверкин (96 кг) қорғайды.

Ал әйелдер арасында Айнұр Әбдіхалықова (45 кг) мен Арай Нұрлыбекова (81 кг) сынға түседі.
Ташкентте Азия чемпионаты ерлер арасында 52-ші, ал әйелдер арасында 33-рет өтпек. Айта кетейік, сары құрлық бәсекесінде Париж Олимпиадасына жолдама алуға мүмкіндік беретін ұпайлар сарапқа салынады.

Өзбекстан астанасында құрлық бәсекесі осыған дейін 2016 және 2021 жылы өткен. Сегіз жыл бұрын Ұлттық құрама 85 кг бақ сынаған Денис Улановтың алтынымен шектелсе, пандемиядан кейін өткен алғашқы аламанда 7 жүлдемен (1 алтын, 3 күміс, 3 қола) жалпы есепте 4-сатыға тұрақтаған.

Соңғы жаңалықтар