Ауыр жұмыс, аз жалақы, көшеге қоқыс тастайтындарға ескерту – көше тазалаушымен сұхбат

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шәрбан Мұратқызының «Таза Өскемен» коммуналдық кәсіпорнында жұмыс істеп келе жатқанына биыл 12 жыл толды. Қыстың көзі қырауда қар күреп, жылауық күздің жаңбырында көше сыпыру – әйел адам үшін оңай емес. Сонда да жұмыстың ауырлығына әбден еті үйреніпті.

Шәрбан Мұратқызы
Фото: Талғатжан Мұхаметбекұлы

Kazinform тілшісі оны әңгімеге тартып, 2025 жыл – Жұмысшы мамандықтары жылында қандай өзгеріс, қолдау қажеттігін сұрап көрді.

- Жұмысыңыз жайлы айта кетсеңіз, міндеттеріңіз қандай ?

- Жасым 51-де. Қыста қар күрейміз. Аялдамалардағы жұқа қарды сыпырамыз. Жазда да көше тазалаймыз. Тоғайларды ағартып, қоқыс жинаймыз. Жұмыстың ауырлығы рас енді. Қар, жаңбыр жауып тұрса да өз міндетімізді атқара береміз. Сонда да жұмысым өзіме ұнайды.

- Жұмыс графигі қалай ?

- Біз әлеуметтік қызметкерміз. Әкімдікпен жасасқан келісімшартта 22 жұмыс күні деп бекітілген. Бірақ ашығын айтқанда айына 26 күн жұмыс істеп, аптасына тек 1 күн демаламыз. Сағат 08.00-ден 17.00-ге дейін жұмыс істейміз. Уақыт белдеуінің бір сағат артқа жылжуына байланысты графикті өзгерттік, себебі күн ерте батады. Қазір жұмыс уақыты 07.00-ден 16.00-ге дейінгі аралықта.

Шәрбан Мұратқызы
Фото: Талғатжан Мұхаметбекұлы

- Осы жұмыста жүргеніңізге қанша уақыт болды ?

- 12 жыл болды. Ауырлығына етіміз үйренді. Күн сайын кем дегенде 3-4 көшені тазалаймыз. Ертіс, Үлбі көпірлеріне, жағалауларға, аялдамаларға, аулаларға барамыз. Негізі әр көшеге өзінің бекітілген жұмысшылары бар. Десе де адам күші жетіспегендіктен осылай барып отырамыз. Әріптестерімізбен үнемі бір-бірімізді күлдіріп, әзіл-қалжың айтып жүреміз. Сонда жұмыс жеңілдеп, айнала шуақ шашып тұрғандай болады.

- Мемлекет басшысы 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Сол жылда сіздердің жұмыстарыңызға қандай өзгеріс, қолдау қажет деп ойлайсыз ?

- Бұл өте дұрыс бастама. Жұмысшы мамандықтарына қолдау қажет. Ең әуелі, жалақымыз өссе екен дейміз. Себебі қазір аптасына 6 күн еңбектеніп, 200 мың теңге ғана айлық аламыз. Қымбатшылықтың белең алып бара жатқаныны әне. Тапқан-таянғанымыз күнкөріске әрең жетеді. Сондықтан жалақымыз 300 мың теңгеге өссе деген тілегіміз бар. Басқалар секілді мереке сайын сыйақы алсақ. Бізде қазір сыйақы жылына 1 рет қана. Әйелдерге 8 наурызда, ерлерге 7 мамырда.

Одан кейін жұмыс графигі аптасына 5 рет болса. Ел қатарлы екі күн демалып, тынықсақ нұр үстіне нұр болар еді. Әйтпесе «адам жетпей жатыр» деп сенбі күні шақыра береді. Бұған етіміз үйренгені сонша айтпаса да жұмысқа шығатын болдық.

Шәрбан Мұратқызы
Фото: Талғатжан Мұхаметбекұлы

Отбасыңыз жайлы айта кетсеңіз...

- Жолдасым, 3 балам бар. Үлкен қызым Алматыда отау құрған. Екі қызым Қытайдың Бейжің және Шанхай қалаларында докторантура мен магистратурада оқып жатыр. Күйеуім де «Таза Өскемен» кәсіпорнында жұмыс істейді. Бірақ оның міндеті басқа.

- Айналаға қоқыс шашып жүретін адамдарға не айтқыңыз келеді ?

- Айтарым көп. Үнемі солардың шашып тастаған қоқыстарын жинап жүреміз. Әсіресе жағалауда ит серуендететіндерге өкпеміз қара қазандай. Себебі үнемі орындықтардың қасында иттерінің нәжістері жатады. Өздерімен алып кету деген атымен жоқ. Бұл көшені ластау ғой. Кейбіреулер үйдегі тұрмыстық қалдықтар салынған пакетті өз ауласындағы қоқыс жәшігіне апаруға ерініп, ауладағы, жағалаудағы урнаға нығап кетеді. Бұл адам жүретін жер болғандықтан күлімсі иіс шығып, халыққа қолайсыздық тудырады. Сол үшін оларға айтарым, айналаны таза ұстап, табиғатты аялап жүрейік!

Еске салсақ, былтыр қыркүйек айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаған.

Осыған дейін жақындарынан айырылып, жападан жалғыз қалған қарттар мен қамқор болар ешкімі жоқ мүгедек жандарға қарайласатын әлеуметтік қызметкермен сұхбат алған болатынбыз.