Ауызбастырық үшін пәтер талап еткен жетісулық азамат сотталды
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты алқабилердің қатысуымен аса ірі мөлшерде (мүлікті) қорқытып алу фактісі бойынша қылмыстық істі қарады. (ҚК 194-бабы 4-бөлігі 2-тармағы). Айыпталушыға 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
2024 жылдың мамыр айының соңында И. бұрын жұмыс істеген ЖШС басшысына серіктестік тарапынан жасалған бұзушылықтар туралы ақпарат бар екенін айтып, оны жария етпеу үшін құны 16 млн теңгеден асатын пәтерді өз меншігіне беруді талап еткен. Осыған байланысты жәбірленуші полицияға жүгінген.
Тергеу және жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері айыпталушы азаматты жеке нотариус кеңсесінде ұстаған.
«Алқабилердің кесімімен И. тағылған айып бойынша кінәлі деп танылды, сот жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде сотталушының жас балаларының болуын және ауырлататын мән-жайлардың болмауын ескеріп оған 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Үкім заңды күшіне енген жоқ» — делінген Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі таратқан мәліметте.
Айта кетейік, ҚР Қылмыстық кодексіне сәйкес, айыпталушыға жасаған қылмысы үшін 7 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу түріндегі жаза қарастырылған.
Еске салайық, бұған дейін Жаркентте қайтыс болған капитан Дархан Нұрланұлының өліміне қатысты 4 адамның қамауға алынғанын жазғанбыз.