Аукционда інжу-маржанмен көмкерілген кілем сатылады
ЛОНДОН-ДУБАЙ. Наурыздың 19-ы. ҚазАқпарат - Інжу-маржанмен және асыл тастармен көмкерілген және бір кездері Мединедегі Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с) мазаратын безендіруге арналған бірегей кілем бүгін Катардағы аукционда сатылады.
Інжу-маржанды кілем деп аталатын бұл жәдігердің бастапқы бағасы 5 миллион доллар болады деп күтілуде. Бірақ, өзінің тарихи және эстетикалық құндылығына байланысты кілем одан да қымбат сомаға сатылуы мүмкін. Кейбір бағалаулар бойынша 2 миллиондай інжумен көмкерілген кілем Барода қаласында тұрған бай үнділік махараджаның тапсырысы бойынша тігілген. Сыйлыққа арналған бұл кілем Мұхамед Пайғамбардың (с.ғ.с.) мазаратын безендіруге дайындалған еді. Бірақ махараджа дүние салып, кілем көзделген жеріне жеткізілмей қалады. Сөйтіп Үндістанда қалып қойған кілем 100 жылдай Делидегі мұражайдың бас жәдігеріне айналады. Кейіннен махараджаның отбасы мүшелерінің бірі кілемді Монакоға алып кетеді. Парсы шығанағының жылы суларынан терілген інжу тастармен қоса, бұл кілем лағыл, жақұт, зүбәржат тастармен әшекейленген. Кілем 1860 жылы тоқылған.