Ауру киіктен малды аман сақтап қалудың амалын жасау керек – ғалым
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданы Борсы ауылы маңында ауру киік бейнетаспаға түсті.
Жергілікті тұрғынның мәлім еткеніндей, бейнежазба 18 сәуір күні түсірілген.
– Киік алғы және артқы аяғынан ақсайды. Аузынан қан аралас көбік ағып тұр. Адамдар жақындаған кезде ешқандай қозғалыс жоқ, жүрмейді, - дейді тұрғын.
Осыған орай Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры, ветеринария ғылымдарының докторы Ғайса Әбсатиров өз пікір-пайымын білдірді.
Оның сөзіне қарағанда, фермерлер, қосалқы шаруашылық иелері аса сақ болып, төрт түлік малды аман сақтап қалудың амалдарын жасауы керек.
– Көршілес Астрахан және Атырау облысында қыстаған киіктер қайтып келіп жатыр. Аусыл – жұқпалы ауру. Күніне 70-80 шақырым жүретін ақбөкендер осылай ауырған жағдайда жайылымды да, шабындықты да бүлдіреді. Ауырған киіктерді резерват аумағында оқшаулап, жою шараларын алу керек. Екіншіден, малды егу қажет. Ветеринар мамандар қандай вакцина тиімді, соған мониторинг жасаған жөн. Бұдан екі жыл бұрын киіктерді өндірістік тұрғыда шектеу шаралары қолға алынбаса, табиғи індетке ұрынуы мүмкін екендігін айтқанмын. Биыл киіктен көп шығын болатын түрі бар, - деді ғалым.
Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары Мирболат Бисенов аталмыш дерек туралы БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясына және «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК өңірлік филиалына хабарланғанын жеткізді.
– Алдағы аптада мамандар келеді деп күтіп отырмыз, - деді М.Бисенов.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда киіктердің ауру таратып жатқаны рас па, соны жазған болатынбыз.