Аурудың алдын алу бойынша жүргізілген түсіндіру жұмыстарына қарамастан, ауруға шалдыққандар медициналық көмекке кеш жүгінеді

АСТАНА. Маусымның 1-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Елімізде конго-қырым қанды безгегінің алдын алу бойынша жүргізілген түсіндіру жұмыстарына қарамастан, ауруға шалдыққандар медициналық көмекке кеш жүгінеді.
None
None

Бұл туралы бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің төрағасы Кеңес Оспанов БАҚ өкілдерімен болған баспасөз мәслихаты барысында мәлім етті.

Оның атап өтуінше, Оңтүстік Қазақстан облысының Ордабасы ауданында кене шаққан азамат 6 күн бойы дәрігерге көрінбеген. «Демек, біз қаншама қыруар жұмыстар атқарғанымызбен, көптеген азаматтар өздерінің денсаулықтарына салғырт қарап, медициналық көмекке кеш жүгінеді», дейді ол.

К.Оспановтың келтірген деректеріне сәйкес, ағымдағы жылы конго-қырым қанды безгегіне қатысты 11 оқиға тіркелсе, оның 10-ы ОҚО-ға, ал 1-еуі Қызылорда облысына тиесілі. Аурулардың 3-еуі қаза тапқан. Ал биылғы 4 айдың ішінде республика бойынша кене шаққан 8155 адам медициналық көмекке жүгінсе, оның 7777-сі ОҚО-да, 331-і Қызылорда облысында, ал 47-сі Жамбыл облысында орын алған.

Денсаулық министрлігінің мамандары инфекцияның таралуына жол бермеу, әрі ауруға шалдыққан кенелердің таралу аумағын анықтау мақсатында 34 мыңнан астам жәндікті жинап, зерттеген. Сонымен қатар 979 елді мекенде кененің таралуына қарсы алдын ала іс-шаралар жүргізіліп, 12 млн. шаршы метр жер өңделген. Тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін халықаралық ұйымдардың қолдауымен Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл облыстарында КҚҚБ-ның алдын алуға кеңес беретін 13480 кітапша таратылған.

Соңғы жаңалықтар