Ауруларға қарсы тегін вакциналау кімдерге жасалады – Үкімет қаулысы шықты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Үкіметінің Қаулысымен кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде профилактикалық вакцинация жасалуы тиіс аурулардың түрлері бекітілді. Сондай-ақ құжатта егу мерзімдері мен оның кімдерге жасалатыны көрсетілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ауруларға қарсы тегін вакциналау кімдерге жасалады – Үкімет қаулысы шықты

Құжатқа сәйкес, келесі инфекциялық және паразиттік ауруларға қарсы міндетті профилактикалық екпелер (вакциналар мен басқа да иммундық биологиялық препараттарды салу) республикалық бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі:

1) жоспарлы профилактикалық екпелер:

«В» вирусты гепатиті;

b типті гемофильдік инфекция;

дифтерия;

көкжөтел;

қызылша;

қызамық;

пневмококк инфекциясы;

полиомиелит;

сіреспе;

туберкулез;

эпидемиялық паротит;

2) эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша профилактикалық екпелер:

құтырма;

іш сүзегі;

көктемгі-жазғы кене энцефалиті;

оба.

Ал келесі инфекциялық ауруларға қарсы эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша міндетті профилактикалалық екпелер (вакциналар мен басқа да иммундық биологиялық препараттарды салу) жергілікті бюджеттердің қаражаты есебінен жүргізіледі:

«А» вирусты гепатиті;

тұмау;

күйдіргі;

туляремия.

Профилактикалық екпелер тегін жасалатын халық санаты:

1) міндетті профилактикалық екпелер жүргізу белгіленген мерзімдерге сәйкес жасы бойынша адамдар;

2) инфекциялық аурулардың (көктемгі-жазғы кене энцефалиті, күйдіргі, туляремия, оба) табиғи ошақтарында тұратын және жұмыс істейтін тұрғындар;

3) өзінің кәсіби қызметінің түрі бойынша қатер топтарына жататын адамдар: медицина қызметкерлері («В» вирусты гепатиті, тұмау); кәріз және тазалау құрылыстарының қызметкерлері (іш сүзегі);

4) өз денсаулығының жағдайы бойынша қатер топтарына жататын адамдар, оның ішінде: қан құйылған адамдар («В» вирусты гепатиті); медициналық ұйымда диспансерлік есепте тұрған балалар (тұмау);

5) балалар үйлерінің, сәбилер үйлерінің балалары, қарттар үйлерінің контингенті (тұмау);

6) кез келген жануар тістеген, сілекейін жаққан адамдар (құтырма);

7) жарақат алған, тері қабаттары мен шырышты қабықтарының тұтастығы бұзылып жараланған адамдар (сіреспе);

8) вакцинация эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша жүргізілетін инфекциялық сырқаттану деңгейі жоғары өңірлерде тұратын адамдар («А» вирусты гепатиті, тұмау, қызылша, қызамық, эпидемиялық паротит).

Профилактикалық екпелерді жүргізу мерзімдерін мына сілтемеден көруге болады.