Australian Open-2016. Ангелика Кербер Серена Уильямсты жеңді
АСТАНА. ҚазАқпарат - 28 жастағы германиялық теннисші Ангелика Кербер карьерасында алғаш рет Grand Slam жарысын ұтып отыр.
Ол Австралия ашық чемпионатының финалында әлемнің 1-ракетасы америкалық Серена Уильямсты жеңді - 6:4, 3:6, 6:4. Кербер ширек финалда беларусь Виктория Азаренконы, жартылай финалда британиялық Джоанна Контаны жеңген.
Кербер - 1999 жылдан бері Үлкен Шлем жарысын ұтқан алғашқы неміс теннисшісі. 1999 жылы германиялық Штеффи Граф Роллан Гаррос жарысын ұтқан. Ал жалпы Кербер 2011 жылы US Open, 2012 жылы Уимблдон жарысының жартылай финалына дейін жеткен.
Серена Уильямс бұл жарысты 2015 жылы ұтқан және Австралия ашық чемпионатының финалына жетінші рет шығып отыр.
Кербер Австралия ашық чемпионаты алдында әлемдік рейтингте 7-орында тұрған. Бүгінгі жеңісінен кейін ол әлемдік рейтингте 2-орынға шығады, деп жазады «Аламан» порталы.