Australian Open-2023: Елена Рыбакинаның жартылай финалдағы қарсыласы анықталды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 25-ракеткасы Елена Рыбакинаның Аустралия ашық чемпионаты жартылай финалындағы қарсыласы анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші финалға шығу үшін рейтингте өзінен бір саты жоғары тұрған Беларусь өкілі, Аустралия ашық чемпионатының екі дүркін чемпионы Виктория Азаренкомен таласады.

В.Азаренко ширек финалда әлемнің 3-ракеткасы, америкалық Джессика Пегуланы 6:4, 6:1 есебімен қапы қалдырды.

Осылайша, Е.Рыбакина 26 қаңтар күні жартылай финалда өзінен 10 жасқа үлкен, аса тәжірибелі теннисші В.Азаренкомен ойнайды. Е.Рыбакина мен В.Азаренко осыған дейін өткен жылы Индиан-Уэллс (АҚШ) турнирінде өзара кездесіп, онда қазақстандық теннисші 6:3, 6:4 есебімен басым түскен еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия чемпионатында Елена Рыбакинаның алғаш рет жартылай финалға шыққанын жазған едік.

Сондай-ақ Елена Рыбакина қазақстандық теннисшілерден алғаш рет ТОП-10-ға енуге жақын тұр.

Елена Рыбакина 669 мың доллар табыс тапты.


Фото: ktf.kz

Соңғы жаңалықтар