Australian Open: Анна Данилина ширек финалға шықты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жұптық сында Қазақстанның бірінші ракеткасы Анна Данилина Аустралия ашық чемпионатының ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Australian Open: Анна Данилина ширек финалға шықты

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткендей, А.Данилина бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен бірге үшінші айналымда испаниялық Алена Большова – норвегиялық Ульрикке Эйкеримен шеберлік байқасты.

Испаниялық-норвегиялық жұп бірінші партияда 6:4 есебімен басымдық танытты.

Екінші сетте Беатрис пен Анна есе қайырды – 6:3. Үшінші, шешуші партияда 1:4 есебімен жеңіліп жатып, таразы басын теңестіре білді. Содан кейін тай-брейкте жеңісті жұлып алды – 7:6 (10:5).

Қазақстандық-бразилиялық жұп 2 сағат 34 минутқа созылған тартысты матчта 1 эйс жасап, 14 брейк-пойнттың алтауын өз есептеріне жазды. Қарсыластары 2 эйс, 6 брейкпен (9 брейк-пойнт) ерекшеленді.

Анна мен Беатрис жартылай финалға шығу үшін швециялық Ребекка Петерсон – ресейлік Анастасия Потаповамен таласады.

Еске сала кетейік, осыған дейін Аустралия ашық чемпионатында қос қазақстандық жасөспірім теннисші бақ сынайтынын жазған болатынбыз.

Ал Андрей Голубев аралас сында екінші айналымға шықты.