Australian Open: Асылжан Арыстанбекова жартылай финалдан тыс қалды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық, 17 жастағы Асылжан Арыстанбекова жұптық сында жасөспірімдер арасында Аустралия ашық чемпионатының жартылай финалына шыға алмады.
Қазақстандық теннисші Беларусь өкілі Юлия Перепихинамен бірге ширек финалда жарыстың 2-ракеткалары, ұлыбританиялықтар Ханна Клагмен – Мингге Сюймен шеберлік байқасты.
Бір сағатқа жетпейтін уақыт ішінде ұлыбританиялық жұп 6:2, 6:2 есебімен ұтты. Олар 2 эйспен бірге 13 брейк-пойнттың жетеуін мүлт жіберген жоқ.
Қазақстандық-белоруссиялық дуэт эйс жасамағанымен, 5 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Осылайша, Асылжан Арыстанбекова жартылай финалдан тыс қалды.
Аустралия ашық чемпионатында Қазақстаннан Әмір Омарханов қана қалды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия ашық чемпионатында жасөспірімдер арасында қазақстандықтардан алғаш болып Әмір Омархановтың ширек финалға шыққанын жазған едік.