Australian Open: Елена Рыбакина екінші айналымға өтті
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 21-ракеткасы Елена Рыбакина Аустралия ашық чемпионатының екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Елена Рыбакина алғашқы айналымда әлемдік рейтингте екінші орынға дейін көтерілген, қазір 145-сатыда тұрған ресейлік Вера Звонаревамен шеберлік байқасты.
Тәжірибелі В.Звонарева 36-да болса, Е.Рыбакина 21 жаста ғана еді.
Бірінші сетті В.Звонарева өз пайдасына жазды – 6:4.
Екінші партияда Е.Рыбакина 3:0 есебімен алға кетті. Ресейлік теннисші қайыра брейк жасап, есепті қысқартты. Дегенмен қазақстандық спортшы өз дегеніне жете алды – 6:4.
Шешуші, үшінші сетте Е.Рыбакина тағы да 3:1 есебімен алға шыққанымен, сол қарқынын жалғастыра алмады. Әйткенмен ол матчты жеңіспен түйіндеді – 6:4.
Тартысты матч 2 сағат 5 минутқа созылды.
Е.Рыбакина екінші айналымда әлемнің 46-ракеткасы, франциялық Фиона Ферромен кездеседі.
Елена өткен жылы Ролан Гаррос турнирінің екінші айналымында дәл осы теннисшіге есе жіберген еді. Бұл жолы қарымта қайыра ала ма, оны корт көрсетеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың Аустралия ашық чемпионатын жеңіспен бастағанын, ал Михаил Кукушкиннің АҚШ чемпионынан ұтылып қалғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Александр Бублик екінші айналымға шықты.