Australian Open: италиялық теннисші екінші жыл қатарынан жеңімпаз атанды

АСТАНА. KAZINFORM — Мельбурн қаласында теннистен Аустралия ашық чемпионаты мәресіне жетті.

Australian Open: италиялық теннисші екінші жыл қатарынан жеңімпаз атанды
Фото: Чемпионат ком

Ерлер арасында жекелей сында әлемнің 1-ракеткасы, 23 жастағы италиялық Янник Синнер үздік шықты.

Италиялық спортшы финалда әлемнің 2-ракеткасы, германиялық Александр Зверевті 6:3, 7:6 (7:4), 6:3 есебімен ұтты.

Екі сағат 45 минутқа созылған матчта Синнер 6 эйспен бірге 10 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Зверев 12 эйспен көзге түсті.

Australian Open: италиялық теннисші екінші жыл қатарынан жеңімпаз атанды
Фото: Чемпионат ком

Осылайша, Я.Синнер екінші жыл қатарынан Аустралия біріншілігінде ешкімге дес бермеді. 
Бұл — оның «Үлкен дулыға» турнирлеріндегі үшінші титулы. Синнер өткен жылы АҚШ чемпионатында да жеңіс төріне көтерілген еді.

Янник Синнер Аустралия чемпионатында 2,2 млн АҚШ доллары көлемінде табыс тапты. Оның спорттық жолындағы барлық табысы 39,4 млн долларға жетті.

Қазақстандық теннисшілер Александр Бублик пен Александр Шевченко аталмыш айтулы додада алғашқы айналымнан аса алмады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия чемпионатында Рыбакинаны ұтқан америкалық теннисшінің жеңімпаз атанғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар