Australian Open: Недовесов іріктеу турнирін сәтті бастады
А.Недовесов алғашқы матчында Аустрия елінің өкілі Деннис Новакпен күш сынасты.
Қазақстандық теннисші дүниежүзілік рейтингте 193-орында тұрса, Д.Новак - 142-сатыда.
Бірінші партия аса тартысты өрбіп, онда А.Недовесов тай-брейкте 7:3 есебімен жеңіске жетті.
Екінші сетте қазақстандық спортшы қарсыласына бірде-бір гейм берген жоқ - 6:0. Бәсеке 1 сағат 18 минутқа созылды.
А.Недовесов іріктеу сайысының жартылай финалында италиялық Андреа Арнабольди (178-ракетка) немесе испаниялық Педро Мартинестің (160-ракетка) біреуімен кездеседі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшілердің Аустралия ашық чемпионатының іріктеу сайысындағы қарсыластары анықталғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ, айта кетейік, осы күндері Қазақстанның бірінші, әлемнің 44-ракеткасы Юлия Путинцева Сидней турнирін табысты өткізуде. Ол жарыстың ширек финалына шығу үшін әлемнің 5-ракеткасы, америкалық Слоан Стивенспен шеберлік байқасады. С.Стивенс бүгін аса тартысты бәсекеде ресейлік Екатерина Александрованың тауын қайтара білді - 0:6, 7:6 (7:3), 7:6 (7:3).